Жаңалықтар

Бекшин КВИ науқастарын рұқсатсыз емдеп жатқан жекеменшік емхана туралы пікір білдірді

2020 жылғы 7 тамыз 23:50
Бекшин КВИ науқастарын рұқсатсыз емдеп жатқан жекеменшік емхана туралы пікір білдірді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин коронавирус жұқтырған науқастарды рұқсат құжатынсыз емдеп жатқан «Талант және К» жекеменшік емханасына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің мамандар жарнамада мынандай хабарлама оқыған. Жарнамада «Талант және К» медициналық орталығы коронавируспен ауырған науқастарға медициналық көмек көрсетеді деп жазылған. Кез келген медициналық көмек арнайы лицензиясы бар медициналық ұйымдарда көрсетілуі тиіс. Егер оларда негізгі лицензия болса және емхана қосымша тағы бір қызмет түрін ашса, оның қосымшасы болуы тиіс. Қосымша мен лицензияны қалалық кәсіпкерлік басқармасы береді», - деді Бекшин.

Оның айтуынша, лицензия алу үшін санитар дәрігерлер, өртке қарсы бақылау қызметі, қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы ғимараттың барлық қауіпсіздік талаптарына сай екендігін растап, қорытынды шығаруы керек.

«Бұл медициналық ұйымда таза аймақ жоқ болып шықты. Яғни, қызметкерлердің денсаулығына қауіп төнеді. Санитарлық дәліздер, фильтр кабинеттері ұйымдастырылмаған. Кіреберісте температура өлшеу керек. Ол да емханада жоқ болып шықты», - деді Бекшин.

Бас санитар дәрігер «Талант және К» емханасында пациенттердің де, қызметкерлердің де қауіпсіздігі мәселесі оң шешілмегенін айтты.

«Егер ондағы адамдар індетті қайта жұқтыратын болса, оларға тіпті қылмыстық жауапкершілік қарастырылуы ғажап емес», - деді ол.