Жаңалықтар

Бельгия СІМ басшысы қарқынды терапия бөліміне жатқызылды

2020 жылғы 22 қазан 17:43
Бельгия СІМ басшысы қарқынды терапия бөліміне жатқызылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Өтпелі үкіметте бір жылға жуық премьер-министрдің міндетін атқарған Бельгияның Сыртқы істер министрі Софи Вильмес қарқынды терапия бөліміне жатқызылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өткен аптада оның коронавирустың бар-жоғын анықтау үшін тапсырған тестісі инфекцияны анықтаған болатын. Бельгияның форин кеңсесі өкілдерінің мәліметінше, 45 жастағы саясаткер есін біледі және сөйлей алады. Жағдайы – тұрақты. Бельгия үкіметінің басшылығына үш апта бұрын келген корольдіктің қазіргі премьер-министрі Александр де Кроо Вильместің тезірек жазылып кетуін тіледі. Өткен аптада Вильмес инфекцияны отбасы адамдарының бірінен жұқтыруы мүмкін екенін мәлімдеген. Себебі үйден тыс жерде, таза ауада ол барлық қауіпсіздік шараларын сақтаған. 11,5 млн-нан сәл ғана асатын тұрғыны бар Бельгия COVID-19 пандемиясы басталғалы Еуропа елдерінің ішінде ең көп зардап шеккендер қатарында. Қазір елге коронавирустың жаңа толқыны келген. Өткен аптада күн сайын 10 мың жаңа жұқтыру оқиғасы тіркеліп, орташа есеппен бір күнде 33 адам қайтыс болып отырған.