Жаңалықтар

Бірқатар елдерде халық коронавирус вакцинасының үшінші дозасын алып жатыр

2021 жылғы 3 тамыз 08:30
Бірқатар елдерде халық коронавирус вакцинасының үшінші дозасын алып жатыр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Коронавирус инфекциясының алаңдатарлық статистикасы халыққа вакцинаның үшінші дозасын алуды ұсынады. Бұл туралы, атап айтқанда, Германияның 16 федералды штатының денсаулық сақтау министрлері келісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Еuronews агенттігіне сілтеме жасап.

Сондай-ақ, вакцинация бағдарламасына 12 жастан 17 жасқа дейінгі тұрғындарды енгізу туралы шешім қабылданды. Қазіргі уақытта Германияда халықтың 52%-дан астамы екі екпеден алды. Израильде бес ай бұрын егілген 60 жастан асқан азаматтарды қосымша вакциналау кампаниясы жүріп жатыр. Президент Ицхак Герцог алғашқылардың бірі болып «Пфайзер» америкалық компаниясы препаратының үшінші дозасын алды. Елдің денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бүгінде елде коронавирус жұқтырғандардың 40% — балалар мен жасөспірімдер. Сонымен қатар, вакцинация мен шектеу шараларына қарсы халықтың бір бөлігінің наразылығы да артып келеді. Польшада белгісіз біреулер Замосць қаласындағы вакцинация пункті мен эпидемиологиялық станцияны өртеп жіберген. Польша билігі бұл оқиғаны терроризм актісі деп атады. Денсаулық сақтау министрі Адам Нижельский: «Бұл әрекеттер тек жергілікті медицина қызметкерлеріне ғана емес, бұл терроризм актісі мемлекетке қарсы бағытталған», - деп мәлімдеді. Соңғы кездері агрессияның мұндай көріністері жиілеп кетті. Демалыс күндері Гдыня қаласында вакцинацияға қарсы топ мобильді вакцинация пунктіне шабуыл жасады. Әлеуметтік сауалнама көрсеткендей, Польша тұрғындарының төрттен бір бөлігі вакциналанғысы келмейді немесе екпенің тиімділігіне әлі де күмәнмен қарайды.