Жаңалықтар

БҚО-да карантин талаптарын бұзғандарға 4,2 млн теңге айыппұл салынды

2021 жылғы 16 сәуір 14:10
БҚО-да карантин талаптарын бұзғандарға 4,2 млн теңге айыппұл салынды

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында сәуір айында карантин талаптарын бұзғандарға 4,2 млн астам теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, мониторингтік топтар осы айда 365 рейд жүргізді. Барлығы 2309 нысан қамтылды. 19 нысанда карантин тәртібін бұзушылық анықталды. 57 хаттама толтырылып, 4 млн 244,235 мың теңге айыппұл салынды. Нұрлыбек Ермекұлының сөзіне қарағанда, өңірде биылғы қаңтарда – 1837, ақпанда – 1950, наурызда – 2138, сәуірде 1696 адамнан коронавирус анықталды. Сәуірде КВИ жұқтырған науқастармен қарым-қатынаста болған 3295 адам анықталып, медициналық бақылауға алынды. Өткен аптамен (2-8 сәуір) салыстырғанда, соңғы аптада (9-15 сәуір) індет жұқтыру көрсеткіші (760-тан 832-ге) 8,6 пайызға өскен. Осы айда ауырғандардың 578-і (34 пайызы) – жұмыс істейтіндер, 418-і (24,6 пайызы) – зейнеткерлер, 408-і (24 пайызы) – жұмыссыздар, 129-ы (7,6 пайызы) – оқушылар, 44-і (2,5 пайызы) – медицина қызметкерлері, 34-і (2 пайызы) – мұғалімдер. «Оқу жылы басталғаннан бері барлығы 758 оқушыдан коронавирус табылды, соның 387-сі дәстүрлі сипатта, 371-і қашықтан оқиды. Төртінші тоқсанда (1 сәуірден бастап) 129 оқушының (48-і дәстүрлі сипатта, 81-і қашықтан білім алады) сырқаттанғаны тіркелді», деді Н.Мұстаев. Сәуір айының басынан бері 14715 адам мемлекеттік шекарадан өтсе, соның 3384-і – жолаушылар. Анықтамасы болмаған 283 жолаушының алтауынан ковид анықталды. Халықаралық жүк тасымалымен айналысатын 7508 жүргізушінің 1759-ында анықтама болмай шықты. Бұлардан індет табылған жоқ. Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО журналистері коронавирус екпесін салдырғанын жазған болатынбыз.