Жаңалықтар

БҚО-да коронавирус жұқтырған 31 адам жансақтау бөлімінде жатыр

2021 жылғы 16 сәуір 14:41
БҚО-да коронавирус жұқтырған 31 адам жансақтау бөлімінде жатыр

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында коронавирус жұқтырған 31 адам жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арман Қалибековтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мәлім еткеніндей, облыста осы кезге дейін 16842 адам ауырса, соның 13543-і немесе 80 пайызы жазылып шықты. 261 адам көз жұмды. Биыл 91 адам қайтса, соның ішінде қаңтарда – 28-і, ақпанда – 15-і, наурызда – 30-ы, сәуірде 18-і өмірден озды. Олардың 49-ы – әйелдер, 42-сі – ер адамдар. Арман Талғатұлының сөзіне қарағанда, қайтқандардың 95 пайызында созылмалы ауруы болған. Соның ішінде 71 пайызы жүрек-қан тамырлары аурулары, 13 пайызы қант диабеті, 8 пайызы басқа дертке шалдыққан. Қазіргі таңда 195 төсектік 4 карантиндік стационарда 8 науқас емделуде. Ал 800 төсектік 10 инфекциялық стационарда 579 адам жатыр. Бұл ауруханалар 72,4 пайызға толған. Жансақтау бөлімінде жатқан 31 науқастың төртеуі – 50 жасқа дейінгілер, бесеуі – 50-60, 15-і – 60-80 жас аралығындағылар, жетеуі – сексеннен асқандар. 24 науқастың 17-сі жүрек-қан тамырлары аурулары, жетеуінде қант диабеті бар. «Өңірде коронавирусқа қарсы егу жұмыстары жалғасуда. Күні бүгінге дейін вакцинаның І компонентін 22360, екіншісін 4231 адам алды. Облыс бойынша 30 медицина ұйымында екпе кабинеттері демалыс күндері де жұмыс жасайды. Екпе алуға жазылу үшін адамдар өздері тіркелген емханаға хабарласуы қажет», деді А.Қалибеков. Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО журналистерінің коронавирус екпесін алғанын, БҚО-да карантин талаптарын бұзғандарға 4,2 млн теңге айыппұл салынғанын жазған болатынбыз.