Жаңалықтар

БҚО-да коронавирусқа шалдыққан 92 адам ауыр халде жатыр

2020 жылғы 6 шілде 23:38
БҚО-да коронавирусқа шалдыққан 92 адам ауыр халде жатыр

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында коронавирусқа шалдыққан 92 адам ауыр халде жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Болатбек Қаюпов мәлім еткендей, өңірде ахуал өте күрделі болып отыр.

Медициналық көмекке жүгінгендер саны арта түсуде. Тәулігіне жедел жәрдемге 1200-ден астам қоңырау шалынады.

Күні бүгін жұқпалы аурулар және провизорлық ауруханада төсек саны 717 болса, соның 72 пайызында адамдар жатыр. 30-дан астам науқас жасанды тыныс алу аппаратына қосылса, 52 адам оттегі маскасын тұтынуда.

Ауруханалар дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілген, таяуда тағы да әкелінеді. Әр аудандық ауруханада провизорлық төсек-орындар ашылған. Төрт ауданда жұқпалы аурулар төсек-орны бар.

Облыстық көпбейінді ауруханада 20-дан астам медбике және 30 кіші қызметкер, қалалық ауруханада 30 медбике, 40 кіші қызметкер жетіспейді.

Б.Қаюповтың сөзіне қарағанда, індетпен күреске 700-ден астам медицина қызметкері жұмылдырылған. Олардың 150-ден астамы өздері ауырып, емделіп шықты.

Науқастар өте көп келіп жатыр. Жағдайы өте ауыр адамдар бірінші кезекте қабылданады.

«Емделушілердің көбеюіне байланысты жаңадан жабдықтар сатып алудамыз. Бүгін 21 жасанды тыныс алу аппараты стационарға жеткізілді. Ол үшін «ҚПО б.в.» компаниясына алғысымызды білдіреміз. Осы аптада оттегі концентраторлары әкелінеді. Облыстық ауруханада екінші корпусты ашамыз. Бұл аса қиын жағдайда жұмыс жасап жатқан дәрігерлерге түсетін жүктемені азайтып, емделушілерді көбірек қабылдауға мүмкіндік береді», деді Болатбек Амангелдіұлы.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын оралдық дәрігерлерге мемлекеттік наградалар табыс етілгенін жазған болатынбыз.