Жаңалықтар

БҚО-да коронавируспен ауруханаға түскендердің 95 пайызы - вакцина алмағандар

2021 жылғы 19 қазан 20:30
БҚО-да коронавируспен ауруханаға түскендердің 95 пайызы - вакцина алмағандар

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында коронавируспен ауруханаға түсіп жатқандардың 95 пайызы - вакцина алмағандар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы міндетін атқарушы Арман Қалибековтің мәлім еткеніндей, өңірде күн сайын орта есеппен облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына 15-25 науқас түседі. Оның сөзіне қарағанда, бұрын пациенттер стационарда орта есеппен 10 күн емделсе, қазір 14-21 күнге созылады. Өйткені ауруды емдеу қиынға түсуде. Ауруханаға түскендердің бастапқыда 22 пайызы, 5-10 тәулікте 56 пайызы жансақтау бөлімшесіне ауыстырылып, 11-19 тәулікте 18 пайызы қалады. Облыс бойынша коронавирус жұқтыру көрсеткіші соңғы екі аптада 18,4 пайызға төмендегенімен, ауру ауыр өтуде. Инфекциялық стационарларға негізінен созылмалы сырқаты бар, егілмеген адамдар түседі. Сондықтан вакцина қабылдаудың маңызы зор. А.Қалибековтің сөзіне қарағанда, қазіргі кезде 931 төсектік 16 инфекциялық стационарда 247 науқас емделуде (26,5 пайызға толған). Соның ішінде 24 емделуші жансақтау бөлімшесінде жатса, оның біреуі аса ауыр халде. Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ресейде коронавирустың өршуіне байланысты БҚО-да шекарада карантин күшейгенін жазған болатынбыз.