Жаңалықтар

БҚО-да Шоқыну мерекесінде суға түсетін арнайы орындар белгіленді

2021 жылғы 16 қаңтар 09:41
БҚО-да Шоқыну мерекесінде суға түсетін арнайы орындар белгіленді

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында православ христиандарының Шоқыну мейрамы кезінде суға түсетін арнайы орындар белгіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО Төтенше жағдайлар департаменті Төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Бақытжан Ихсановтың мәлім еткеніндей, мереке күні тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды. Осы орайда облыста суға түсетін арнайы 31 орын белгіленсе, соның 14-і Орал қаласында орналасқан. Оның сөзіне қарағанда, су айдындарында мұздың қалыңдығы әртүрлі (16-дан 36 см-ға дейін). Сондықтан БҚО ТЖ департаменті жергілікті епархияға суға түсетін орындарды жабдықтау (тұтқасы, жолы бар ағаш баспалдақ орнатумен бірге биіктігі кемінде 20 сантиметр бруствер, сондай-ақ жағалауда немесе оған жақын жерде киім ауыстыратын орындар әзірлеу) туралы ұсыныс енгізді. «Аталған орындарда ТЖ департаментінен 78 қызметкер 10 техникамен кезекшілікте болады. Полиция департаментімен және облыстық денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп атқарылатын жұмыстар пысықталды. Барлық іс-шаралар кезінде коронавирустың таралуына жол бермеу мақсатында карантиндік талаптар толық орындалуы тиіс»,- деді Б.Ихсанов. БҚО Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың айтуынша, суға түсетін орында адамдар саны оннан аспауы және арақашықтық сақталуы керек. Сондай-ақ тұрғындарға шомылмай-ақ суды өзімен алып кетіп, діни рәсімді үйде орындау ұсынылады. Әсіресе, адамдар өзін жайсыз сезінсе, суға түспегені жөн. Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда бір компанияның 47 қызметкерінен коронавирус табылғанын, жұқпалы аурулар стационарында 260 адам емделіп жатқанын жазған болатынбыз. Өңірде эпидемиологиялық ахуал тұрақсыз болып отыр. Өткен тәулікте облыста 49 адамның коронавирус жұқтырғаны тіркелді.