Жаңалықтар

БҚО-дағы ауылда карантин күшейтіліп, санпостар қойылады

2021 жылғы 10 сәуір 20:18
БҚО-дағы ауылда карантин күшейтіліп, санпостар қойылады

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Бөрлі ауданы Бөрлі ауылында карантин күшейтіліп, санитарлық постар қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бөрлі ауданы бас мемлекеттік санитар дәрігерінің міндетін атқарушы Аягөз Хайруллинаның 10 сәуірдегі қаулысы шықты. Қаулыға сәйкес 11 сәуір күнгі сағат 00.00-ден 25 сәуір күнгі 00.00-ге дейін Бөрлі ауылында карантин жарияланды. Ауылға кіреберіс жолдарға санитарлық постар қойылып, халықтың қозғалысы шектеледі. Тұрғындардың ауылға кіріп-шығуына, адамдар көп жиналатын түрлі іс-шаралар өткізуге тыйым салынды. Медицина мекемелеріне, дәріханаларға бару қажет болған жағдайда, сондай-ақ түнгі ауысымда жұмыс істейтіндерге 109 телефонына хабарласып, өтінім қалдыруы керек. Басқа ауылдарда күндіз жұмыс жасайтындар жұмыс орнынан анықтама алып жүруі тиіс. Бөрлі ауылы – Бөрлі ауданындағы Ақсай қаласынан кейінгі ірі елді мекен. Батыс Қазақстан облысында коронавирус, әсіресе, Орал қаласы, Бөрлі, Бәйтерек аудандарында өрши түсуде. Өңірде соңғы тәулікте ғана 130 адамнан індет табылды. Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда соңғы аптада коронавирус жұқтыру 14 пайызға өскенін жазған едік.