Жаңалықтар

COVAX-19  екпесін алған Қайсар Табынов: Денсаулығым қалыпты

2020 жылғы 7 тамыз 13:25
COVAX-19  екпесін алған Қайсар Табынов: Денсаулығым қалыпты

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Қазақ Ұлттық аграрлық университеті жанындағы Халықаралық Вакцинология орталығының директоры Қайсар Табынов ҚазАқпарат тілшісіне өзі сынақтан өткізіп жатқан COVAX-19 екпесі туралы айтып берді.

Вирусолог бұл қадам Қазақстан үшін аса маңызды тәжірибе болатынын айтты.

Коронавирусқа қарсы екпені қабылдағаныңызға бір апта уақыт болған екен. Қазір денсаулығыңыз қалай?

Австралиялық Vaxine Pty ltd шығарған COVAX-19 екпесін қабылдағаныма 8-күн өтті. Кеше иммунитетімнің қаншалықты жұмыс істеп жатқанын білу үшін биохимиялық және гематологиялық қан талдауын тапсырдым. Барлық көрсеткіштер қалыпты болып тұр. Вакциналық ақуызға антиденелер көрсеткіші келесі аптада шығады.

Бүкіл әлемге беймағлұм затты сынауға қалай бел будыңыз?

Бізде сол компаниямен ғылыми әріптестік орнаған. Бұл тек аталған вакцинаны Қазақстанға әкелу деп түсінбеу керек. Ғылыми әріптестіктің бір шарты болғандықтан, біз бұл вакцинаны өз ағзамызға сынап көрдік. Бұл зерттеу жұмыстарының екіншісі фазасы. Бірінші кезеңі сәтті сыналды. АҚШ-та бұл екпе жануарларға салынып көрді. Клиникалық сынақ сәтті аяқталды. Бір аптадан соң әріптестер екінші фазаны бастамақшы. Сондықтан, бұл беймағлұм зат деп айтуға болмайды.

Вакцина алған соң белгілі бір режиммен өмір сүру керек пе?

Бұл ресми химиялық зерттеу емес. Клиникалық сынақ хаттамасында адамдардан оқшаулану шарт емес деп жазылған. Тек карантин кезіндегі барлық гигиеналық талаптарды орындау керек.

Екінші рет вакцина алатын болдыңыз ба?

Қайталама вакцинаны 2 аптадан соң алады деп көрсетілген. Ғалымдар қауіпсіздік деңгейін бақылау үшін IgGк спайк-ақуыз бен вирусты бейтараптандыратын иммунитет жауабын бақылайтын болады.

Бүкіл әлемде ортақ вакцина болуы мүмкін бе?

Вакцина ойластырып жатқан елдер көп. Алайда, олардың әрқайсысы өз еліне вакцина шығаруға қабілетті деп айта алмаймын. Көп елдер қазір күш біріктіріп жатыр. Бірнеше вакцина болады. Қазақстан да жақында иммунизация мен вакцина бойынша жаһандық альянс құрамына кірді. Бұл дегеніміз – Қазақстан алдын ала төлем жасап, вакцинаға өтінім береді деген сөз. Екпемен халықтың 20 пайызы қамтылатын болады. Бұл қаржылық мүмкіндігі шектеулі елдер үшін жасалған. Вакцина сатылымға да шығарылады. Бәлкім бұған дейін біздің де вакцина дайын боп қалар. Жаһандық клиникалық сынақтарға қатысу – елімізге баға жетпес тәжірибе болары сөзсіз. Кейбір қауіптерге қарамастан COVID-19-вакцинасын төмен бағада алуға мүмкіндік туады.

Сұхбатыңызға рахмет!