Жаңалықтар

COVID-19: Қазақстан Азия Даму Банкінен қарыз алады

2020 жылғы 24 қараша 11:01
COVID-19: Қазақстан Азия Даму Банкінен қарыз алады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан мен Азия Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, 2020 жылғы 13 тамыздағы ҚР Президентінің № 385 Жарлығына сәйкес, 908 млн 596 мың еуро сомасындағы Қазақстан Республикасы мен Азия Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімге қол қойылды. «Бұл ҚР Үкіметінің COVID-19 пандемиясының салдарымен күрес және экономиканы қалпына келтіру жөніндегі шараларын қолдауға мүмкіндік береді. Өтеу мерзіміне қатысты қарыз екі бөлікке бөлінген. 454 млн 298 мың еуро сомасындағы қарыздың бір бөлігі, яғни жартысы 3 жылдық жеңілдік кезеңді қоса алғанда, 10 жыл мерзімге беріледі. Ал қалған 454 млн 298 мың еуро сомасындағы екінші жартысы 3 жылдық жеңілдік кезеңді қоса алғанда, 5 жыл мерзімге беріледі. Сыйақы мөлшерлемесі ‒ Еурибор+0,50%», - деп түсіндірді министр. Келісімде белгiленген қаржылық шарттарға сәйкес, қарызға қызмет көрсету және оны өтеу республикалық бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады. «Көрсетілген қаражатты тарту бюджеттің бекітілген тапшылығы жағдайында аса қажет болып табылады. Келісімнің жақын арада күшіне енуі маңызды. Бұл қаражат Азия Даму Банкінің пандемияға қарсы күрес жөніндегі арнайы арнайы шешімімен Қазақстан Республикасы үшін 2020 жылға резервтелген», - деді Е. Жамаубаев.