Жаңалықтар

Дәрігерлер елорда тұрғындарына үндеу жасады

2021 жылғы 26 қаңтар 17:31
Дәрігерлер елорда тұрғындарына үндеу жасады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Коронавируспен күресте алдыңғы қатарда жүрген елорданың медицина мамандары қала тұрғындарын санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтауға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Коронавируспен ауруханаға түсушілердің көбеюін ескере отырып, медицина қызметкерлері карантин режимін сақтау бойынша алдын алу шараларын ұмытпау керектігін еске салды. «Күзде науқас саны аз болды. Кейбірі тіпті вирус тоқтады деп ойлаған болса керек. Бірақ инфекция түбегейлі жойылған жоқ. Коронавирус үдеп тұрған шақта күн мен түнді айыра алмаған кезіміз болды. Уақытқа қарап, қай шақта жұмыс істеуіміз керектігін ойлаған жоқпыз. Коронавирустың күрт өршуі мен таралуының қайталануына жол бермеуіміз керек. Кейбірі қала ішін бетпердесіз аралап, санитарлық нормаларды елемей жатқандары бар. Ал біз мұнда күн сайын науқастардың денсаулығы мен өмірі үшін күресіп жүрміз», - дейді қалалық жұқпалы аурулар орталығының дәрігері. Стационарда коронавирустан емделіп жатқан Әйгерім Өміржанова аурухана төсегіне таңылатынына сенбегенін айтады. «Бұл қауіпті вирустың елімізге зиян тигізгеніне бір жылға жуық уақыт болды. Осы уақыт ішінде мен алаңсыз жүріп, денсаулығым туралы ойлаған емеспін, вирус жоқ деп те ойладым. Бірақ өзімді нашар сезінген сәттен бастап, бірден медициналық көмекке жүгіндім. Өкінішке қарай, менен коронавирус шықты. Шынымды айтсам, мұндай жағдайға тап боламын деп ойламаған едім. Бұл ешқандай да әзіл емес екен», - деді А.Өміржанова. Естеріңізге сала кетейік, қалада бірқатар карантиндік шектеу шаралары енгізілген. Қала тұрғындары маска режимін, әлеуметтік қашықтықты сақтауы, қолдарын антисептикпен өңдеуі қажет. Соңғы бір тәулікте Нұр-Сұлтанда коронавирустың 91 жағдайы тіркелді. Жалпы, пандемия басталғалы індет 21 576 адамнан анықталды. Коронавирустың таралу қаупі бойынша елорда «қызыл» аймақта тұр.