Жаңалықтар

Дәріханаларда NaCl ерітіндісі тапшы: Алматы әкімдігі түсінік берді

2022 жылғы 21 қаңтар 16:18
Дәріханаларда NaCl ерітіндісі тапшы: Алматы әкімдігі түсінік берді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы дәріханаларында тұзды ерітінді (физраствор) тапшылығы жоқ. Бұл туралы брифинг барысында қала әкімінің орынбасары Мақсат Қиқымов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, бұқаралық ақпарат құралдарында Алматы мен Нұр-Сұлтандағы дәріханаларда тұзды ерітіндінің (натрий хлоридтің сумен ерітіндісі) тапшылығы туралы ақпарат шыққан. «Алматы қаласының әкімі Бақытжан Әбдірұлы бүгін қала дәріханаларында және ірі фармкомпаниялардың Тұрақтандыру қорындағы қоймаларда физраствор мен ковидке қарсы дәрілердің бар-жоғын тексерді. Айта кетейін, «натрий хлориді» дәрілік препараты (инфузияға арналған ерітінді) бүгінгі күні Тұрақтандыру қорының қоймаларында 200 мл-ден 80 мың бірлік мөлшерінде қоры бар, резерв ретінде төмендетілмейтін қалдығы 43,2 мың дана, өнім беруші «Инкар» ЖШС компаниясы», - дейді Мақсат Қиқымов. Бұдан басқа, қаланың ірі өнім берушілері «Медсервис плюс» ЖШС, «Аманат» ЖШС-ның қоймаларында 400 мл-ден 17,1 мың бірлік көлемінде тұзды ерітінді қоры бар. «Сондай-ақ қаладағы ең ірі дәріханалар «Орталық дәріханада» және «Аптека плюсте» 0,9% натрий хлориді ерітіндісінің барлық түрлері жеткілікті мөлшерде. «От А до Я», «Фармаком», «Мелисса», «Садыхан Преимум», «Гаухар Тас», «Акниет» секілді ірі дәріхана желілерінің қоймаларында 61,2 мың бірлік физраствор бар. Алматыда тұзды ерітінді тапшылығы жоқ», - дейді ол. Бүгінгі күні мегаполисте 975 дәріхана штаттық режимде жұмыс істеп тұр.