Жаңалықтар

Денсаулық сақтау министрлігі қауіпсіз және тиімді вакцинаны күтіп отыр - бас сандәрігер

2020 жылғы 14 тамыз 12:18
Денсаулық сақтау министрлігі қауіпсіз және тиімді вакцинаны күтіп отыр - бас сандәрігер

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Денсаулық сақтау министрлігі де қауіпсіз және тиімді вакцинаны күтіп отыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен Қазақстанда карантиндік шараларды кезең-кезеңмен жеңілдету туралы онлайн брифингіде ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі таңда әлемде коронавирус инфекциясына қарсы 166 вакцина жобасы жасалды. Олардың көпшілігі клиникаға дейінгі тестілеу кезеңінде. Тестілеу ережесі бар - бұл үш кезеңнен өту және міндетті түрде тіркеу. Коронавирус инфекциясына қарсы 120 вакцинаның 17-сі адамдарға сыналып жатыр. Егер біз Ресей вакцинасы туралы айтатын болсақ, онда ол клиникалық сынақтың 2 кезеңінен өткен, Ресей Федерациясында тіркелген», - дейді ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова.

Оның айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі де сапалы вакцинаның шығуын күтеді.

«Денсаулық сақтау министрлігі де қауіпсіз және тиімді вакцинаны күтіп отыр. Нарыққа қандай вакцина алғаш пайда болғанына байланысты біз де сол өндірушілермен елге жеткізу бойынша жұмыс істейтін боламыз. Біз бүкіл әлем вакцинаның шығарылуын және өндірілуін күтіп отырғанын түсінуіміз керек. Вакцина шыққан кезде кезек болуы да заңдылық. Вакцинаның әлемге бірдей мөлшерде таралуын қадағалау үшін GAVI альянсы (вакциналар мен иммундау бойынша жаһандық альянс - ред.) құрылды», - дейді ол.

Ол вакцина егуде қандай адамдарға басымдық берілетіні туралы айтты.

«Бүгінгі күні біз осы вакцинациялауға жататын топтармен жұмыс істеп жатырмыз. Бізде қауіпті топтар бойынша жоспарлар бар, олар үшін коронавирус ауруы өте қауіпті. Олар - 60-65 жастан асқан белгілі бір созылмалы аурулары бар адамдар. Сондай-ақ, бұл топқа медицина қызметкерлері де жатады, өйткені олар ең алдымен пациенттермен және коронавирус жұқпасының белгілері жоқ, бірақ тасымалдаушы болып саналатын адамдарды қарап, байланыста болады. Сондықтан біз вакцинацияға дайындық, вакцинаны таңдау және Денсаулық сақтау министрлігінде вакцинация стратегиямызды әзірлеу бойынша жұмыс жүргізудеміз», - дейді ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері.