Жаңалықтар

Депутат «Қазақстандықтар үшін қолжетімді әрі сапалы тамақ» ұлттық бағдарламасын әзірлеуді ұсынды

2020 жылғы 23 қыркүйек 16:31
Депутат «Қазақстандықтар үшін қолжетімді әрі сапалы тамақ» ұлттық бағдарламасын әзірлеуді ұсынды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Айқын Қоңыров азық-түлік тауарлары бағасына қатысты Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның сөзіне қарағанда, коронавирус індеті мен экономикалық дағдарыстың шығыны халықтың мойнына түсуде. Осыған байланысты халықтың нақты кірістерінің тоқырауы мен құлдырауы кезінде азық-түлік тауарлары бағасының жедел әрі негізсіз өсуі мәселесі бар. Осы жылдың қаңтар-тамыз айларында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда азық-түлік тауарлары 10,4 пайызға қымбаттады. Ең жоғары өсу қарқын халық рационының негізгі бөлігін құрайтын және басым бөлігі Қазақстанда өндірілетін өнімдеде байқалып отыр.

«Халықтың нақты кірістерінің төмендеуі жағдайында бұл тамақтың сапасы мен қауіпсіздігінен қаржы үнемдеуге мәжбүр етеді. Екінші тоқсанда халық шығыстары құрылымындағы азық-түлік шығындарының үлесі рекордтық көрсеткішке жетті – 56,4%. Қазақстандықтар көп тамақтанатын болған жоқ, бар мәселе азық-түліктің қымбаттауында жатыр. Сонымен қатар биыл үлкен қауіптің астында қалған ұлттың денсаулығы тамақтану сапасына, әсіресе жас ұрпаққа тікелей байланысты. Бұл күзгі-қысқы кезеңде және коронавирустың жаңа толқынын күту кезінде өте маңызды», - деді депутат.

Оның пайымынша, ауыл шаруашылығы ресурстарының әлеуеті зор елде азық-түлік шығындары ауыр жүктемеге айналмауы керек.

«Салада нақты атаулы шаралар қажет. Осыған байланысты «Халық коммунистері» фракциясы АӨК-ті дамыту жөніндегі жоба аясында «Барлық қазақстандықтар үшін қолжетімді және сапалы тамақ» ұлттық бағдарламасын әзірлеу қажет деп санайды. Атап айтқанда, онда қазақстандық өнімдерді сатып алу үшін арнайы купондарды немесе төлем карталарын шығару арқылы азаматтарға көмек көрсетуді көздеу керек. Бұл бір мезгілде халықтың тамақтануын жақсартуға және отандық өндірушілерді қолдауға мүмкіндік береді», - деді А. Қоңыров.

Осы орайда ол аталған ұлттық бағдарламаны қабылдау – күн тәртібінде тұрған мәселені шешудің нақты жолы.