Жаңалықтар

Димаштың онлайн концертін 100 елдегі жанкүйерлер тамашалады

2021 жылғы 17 қаңтар 10:38
Димаштың онлайн концертін 100 елдегі жанкүйерлер тамашалады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Есімі бүкіл әлемге танымал қазақ әншісі Димаш Құдайберген TIXR америкалық стриминг-платформасында онлайн концерт берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

DIMASH DIGITAL SHOW - Димаштың коронавирус пандемиясы басталған сәттен бергі алғашқы жаһандық өнер көрсетуі болды. Аталған концертке дайындық жүріп жатқаны туралы өткен жылдың желтоқсан айының басында айтылды. Бұл жайында әншінің өзі де әлеуметтік желіде жиі жазып, сүйікті жұлдыздарының өнерін сағынған жанкүйерлер де үнемі мәліметтермен бөлісіп отырды. Көрсетілім ақылы болды. Билет сатудан түскен қаражаттың бір бөлігін ұйымдастырушылар қайырылымдылыққа бермек. «Dears, сіздерге концерт ұнады деп үміттенемін! Жеке өзім және менің тобым сіздердің алған әсерлеріңізді білуге дайын!», - деп жазды Димаш Құдайберген Instagram-парақшасында. Димаштың Еуразиялық фанклубы ұсынған ақпаратқа сәйкес, әнші 19 композициядан тұратын бағдарлама ұсынды. Оған «Olimpico», «Give me your love», «S.O.S», «War and Peace», «Любовь уставших лебедей», «Махаббат бер маған», «Қарағым-ай», «Қайран Елім», «Screaming» сынды әндер бар. Сонымен қатар ол «Өмір өтер» (Р.Ғайсин / Т.Арынғали), «Киелі мекен» (Е.Құдайберген / Қ.Айтбаев), «Be with me» (Д.Құдайберген / Д.Аракелян, Д.Шамуратов) сынды жаңа әндерді де тыңдарман назарына ұсынды. Dimashnews.com порталының жазуынша, қазақ әншісі 6 тілде, атап айтқанда қазақ, итальян, француз, қытай, ағылшын және орыс тілдерінде ән салды. Онлайн форматта өткен концерт әншінің бүкіл әлемдегі жанкүйерлеріне үйде отырып-ақ оның өнерін тамашалауға мүмкіндік берді. DIMASH DIGITAL SHOW концертін әлемнің 100-ден астам еліндегі жанкүйер көрді. «Менің алғашқы онлайн концертімді тамашалап, қолдау көрсеткен барлығыңызға үлкен алғысымды білдіремін. Пандемия біздерді ұзақ уақыт ажыратқаны өте өкінішті. Сондықтан да бүгін сіздердің алдарыңызға өнер көрсететіндігіме қуаныштымын. Сіздерді көрмесем де жан жүрегіммен маған үнемі шабыт беретін, жаңа биіктерді бағындыруға құлшындыратын қолдауларыңыз бен энергетикаларыңызды сезіндім. Сіздер бүгінгі шоудан толыққанды ләззат алдыңыздар деп ойлаймын. Таяу арада сіздермен кездесетіндігіме сенімдімін», - деді концерт барысында Димаш. Фото: dimashnews.com