Жаңалықтар

Джо Байден коронавирус туралы жалған ақпарат үшін Facebook желісін сынға алды

2021 жылғы 17 шілде 17:10
Джо Байден коронавирус туралы жалған ақпарат үшін Facebook желісін сынға алды

ВАШИНГТОН. ҚазАқпарат – АҚШ президенті Джо Байден Facebook әлеуметтік желісінің коронавирусқа қарсы вакцина туралы жалған ақпаратпен күресте жеткілікті жұмыс істемегенін айтып, қатты сынға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ВВС-ге сілтеме жасап.

Журналистер америкалық көшбасшыдан вакцинация және Сovid-19 пандемиясына қатысты жалған мәліметтер таратудағы Facebook сияқты компаниялардың рөлі туралы не ойлайтынын сұрады. «Олар адамдарды өлтіруде. Пандемия қазір вакциналанбаған адамдар арасында ғана жүріп жатыр», - деп жауап берді Байден. АҚШ-тың ересек тұрғындарының шамамен 67,9% - ы коронавирусқа қарсы вакциналардың бірінің алғашқы дозасын алды, ал 59,2% - ы толық вакцинациядан өтті. Бірақ көптеген адам екпе алмай жатыр, өйткені олар вакцинацияға қарсы. Бейсенбі күні АҚШ-та 33 мыңнан астам жаңа жағдай тіркелді, ал жеті күн ішінде ауру жұқтырушылардың орташа саны алдыңғы аптамен салыстырғанда 70%-ға артты. Бұл ретте ауруханалардағы пациенттер 36%-ға, ал өлім-жітім 26%-ға көп болды (бір апта ішінде қайтыс болғандардың орташа тәуліктік саны 211 адамды құрады). Ақ үйдің Коронавируспен күрес жөніндегі үйлестірушісі Джефф Зиентс ауруға шалдығушылар мен өлім жағдайларының артуы адамдардың вакцинациядан бас тартуымен байланысты екенін айтты. Жұма күні Американың Ауруларды бақылау және алдын алу орталықтарының (CDC) басшысы Рошель Валенски: «Дәл қазір бұл пандемия вакциналанбағандар пандемиясына айналады деп айтуға болады», - деп қорытындылады. Вакцинацияға қарсылық танытқандар әлеуметтік желілерде ақпарат алу арқылы вакцинациядан бас тартуда. Сонымен қатар, Республикалық партияның кейбір саясаткерлері вакцинация арқылы билік АҚШ тұрғындарын бақылауға тырысады деп мәлімдеп жатыр. Осы жылдың наурыз айында Center for Countering Digital Hate үкіметтік емес ұйымы жариялаған зерттеуге сәйкес, вакцинацияның қарсыластары Facebook, YouTube, Instagram және Twitter-де 59 миллионнан астам адам оқыған посттарды жариялаған. «Осылайша, олар «антиваксерлер үшін ең үлкен және маңызды әлеуметтік медиа платформаларға айналды», - делінген баяндамада. Әлеуметтік желілерде не жазылған? Facebook ресми өкілі Кевин Макаллистер компания «фактілермен расталмаған айыптауларға алаңдамайды» деді. «Біз ковид туралы жалған ақпараты бар 18 миллионнан астам жазбаны өшірдік және ережелерді үнемі бұзатын аккаунттарды бұғаттадық», - делінген әлеуметтік желі таратқан мәлімдемеде. Осы жылдың көктемінде Facebook басшысы Марк Цукерберг, сондай-ақ Google және Twitter басшылары Сундар Пичай мен Джек Дорси америкалық конгрессмендердің желідегі жалған ақпарат туралы сұрақтарына жауап берді. Дорси Твиттер жазбаларды модерациялауды жақтайтынын, ал Пичай YouTube коронавирус туралы жалған ақпаратты үнемі алып тастайтынын және вакциналар туралы дәлелденген және ғылыми мәліметтерді таратуда маңызды рөл атқаратынын айтты. Ақ үйдің ресми өкілі Джен Псаки әлеуметтік желілер жалған ақпаратпен күресуге тырысып жатқанын мойындады, бірақ олар неғұрлым батыл әрекет етуі керек екенін атап өтті. «Олардың қандай да бір қадам жасағаны анық. Бірақ көп нәрсені жасау керек екені рас», - деді ол.