Жаңалықтар

Ел вокзалдарында Ashyq жобасы енгізіледі

2021 жылғы 15 маусым 17:08
Ел вокзалдарында Ashyq жобасы енгізіледі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бас санитар дәрігердің 3 маусымдағы қаулысына сәйкес, 17 маусымнан бастап «Нұрлы жол» теміржол вокзалында «Ashyq» жобасы енгізіледі. Алматы-1, Алматы-2, Қарағанды және Өскемен вокзалдарында жоба ағымдағы жылдың 21 маусымынан бастап жұмыс істей бастайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

1 шілдеден бастап «Ashyq» жобасын Ақтөбе, Атырау, Бейнеу, Көкшетау, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Орал, Павлодар, Семей, Тараз, Түркістан, Шымкент және Шу вокзалдарында енгізу жоспарланып отыр. Бұл шара короновирус инфекциясының таралу қаупін азайтып, жұқтыруға әкелетін байланыстар санын қысқарту мақсатын көздейді. Мысалы, QR-кодты сканерлейтін «Ashyq» кіру жүйесі Нұрлы жол вокзал кешенінің барлық кіреберістерінде жұмыс істейтін болады. Жолаушылар арасындағы қашықтықты сақтау үшін вокзал кешенінің қызметкерлері жолаушылар ағынын кіреберістерге бөледі. Жолаушы кірген кезде QR-кодты Ashyq мобильді қосымшасы арқылы немесе Kaspi.kz, Homebank, Aity қосымшалар арқылы сканерлеу қажет. Жолаушыда қосымша немесе смартфон болмаған жағдайда кіре берісте вокзал кешені қызметкеріне ЖСН көрсету қажет. Шетелдіктердің статусы паспорттың нөмірі бойынша сол жерде тексеріледі. 18 жасқа дейінгі балалар тексеруден өтпейді. «Қызыл» және «сары» статусы бар адамдар вокзал кешеніне кіргізілмейді. www.ashyq.kz cайтындағы бейтарап QR-код арқылы өз статусыңызды алдын ала тексеруіңізді ұсынамыз. Жолаушыларға вокзал үй-жайына кіру мүмкіндігі болмаған кезде («Ashyq» қосымшасы) жолаушы пайдаланылмаған жол жүру құжатын (билетін) қайтарып беру үшін билет кассасына бара алмайды. Пайдаланылмаған жол жүру құжаттарын (билеттерін) қайтару үшін жолаушылар: - WhatsApp мобильді қосымшасы арқылы bilet.railways.kz сайтында көрсетілген телефон нөміріне (+7 707 270 36 64) орынды тапсыру үшін жол жүру құжатының фотосуретін / скриншотын, «Ashyq» қосымшасындағы статустың фотосуреті / скриншотын; жеке басын куәландыратын құжаттың фотосуреті (төлқұжат / куәлік / туу туралы куәлік және т.б.) жіберуі керек. - Алты ай ішінде (пойыз жөнелтілген күннен бастап) жолаушы жеке басын растайтын құжаттың түпнұсқасын алып, «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның кез келген кассасына бара алады және пайдаланылмаған билетті қайтару туралы өтініш жаза алады.