Жаңалықтар

Елімізде тұмауға қарсы 2,3 млн доза вакцина сатып алынды

2022 жылғы 28 қыркүйек 17:07
Елімізде тұмауға қарсы 2,3 млн доза вакцина сатып алынды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл елімізде тұмауға қарсы 2,3 млн доза вакцина сатып алынды. Ол халықтың 12 пайызын қамтуға мүмкіндік береді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Айжан Есмағамбетова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жыл сайын тұмау вирусының таралуы қарашада басталып, сәуір айының ортасына дейін жалғасады. Өткен жылы республика бойынша ЖРВИ-мен 3,9 млн адам ауырды. 2019-2020 жылғы эпидемиологиялық маусыммен салыстырғанда сырқаттанушылар саны 1,3 есе өсті. Ауырғандардың 80%-ы – балалар мен жасөспірімдер. Өткен маусымда A (H3N2) және B тұмау вирусының 2 штамы айналымда болды. Барлығы 915 тұмаурату жағдайы анықталды», - деді Айжан Есмағамбетова орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында. Сондай-ақ, вице-министр тұмаудан басқа да вирустардың барын еске салды. «Өткен жылы барлығы 10 мыңнан астам үлгі зерттелді. Оның барысында риновирус, РС вирус, аденовирус инфекциясы, парагрипп, метапневмовирус, бокавирус анықталды. Аурудың алдын алудың ең тиімді тәсілі – вакцинация. Вакциналар қауіпсіз, тиімді және олар 60 жылдан астам қолданылып келеді. Биыл Ресейде өндірілген «Гриппол+» вакцинасының 2,3 млн дозасы сатып алынды. Оның құрамында алдағы маусымдағы тұмауға қарсы штаммдар бар. Бұл республика халқының 12%-ын қамтуға мүмкіндік береді», - дейді ол. Бұған дейін Айжан Есмағамбетова елімізде тұмауға қарсы вакцинациялау 3 қазанда басталатыны туралы айтқан еді. Сонымен қатар, вакцина кімдерге тегін салынатыны нақтыланды.