Жаңалықтар

Еліміздегі Covid-19 жағдайына шолу: ПТР нәтижесі жоқ жолаушы әуе бортына жіберілмейді

2020 жылғы 24 қазан 21:02
Еліміздегі Covid-19 жағдайына шолу: ПТР  нәтижесі жоқ жолаушы әуе бортына жіберілмейді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Өткен тәулікте еліміз бойынша 164 адамнан коронавирус індеті ПТР арқылы расталды. Ал, 73 адам бұл індеттен емделіп шыққан. Әлемді алаңдатқан індеттің алдын-алу үшін осы аптада қандай іс-шаралар қолға алынды, вирустың екінші толқыны тарай қалса дәрі-дәрмегіміз жете ме, шолып көрейік.

Еліміздегі эпидемиологиялық ахуалды нашарлатып алмау үшін шекаралық аймақтардағы сақтық шараларын күшейтуге баса мән беру керек сияқты. Әсіресе, Ресеймен шекаралас облыстарда алыс-беріс пен барыс-келістің соңы ел ішіндегі вирустың кең таралып кетуіне әкеп соғуы мүмкін. Оны дәлелдеудің де қажеті жоқ. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысында кейінгі екі аптада короновирус жұқтырғандар саны 1 жарым есе артқан. Өңірде эпидемиологиялық ахуал күннен күнге қиындап барады. Ал вирус жұқтырғандардың 37 проценті – көрші Ресейден келгендер. Облыс тұрғындарының 21 проценті ПТР тестілеуден өткен. Нәтижесі жақсы емес. Қазір 6 аудандағы 10 елді мекен карантинге жабылған. Енді демалыс күндері сауда орындары жабылып, қоғамдық көлік қатынасы тоқтатылады. Жалпы наурыз айынан бері облыста 25 адам қауіпті инфекциядан көз жұмған екен. Өңірде 60 жастан асқандардың үйден шығуына шектеу қойылды. Алайда зейнеткерлер оны ескермей, Ресейге балаларына қонаққа баратын көрінеді. Бұған дереу тыйым салмаса болмайды. Себебі Ресейдің Қорған, Омбы, Түмен облыстарында қауіпті вирусты жұқтырғандардың саны күн сайын өсіп барады. 27 қазаннан бастап Қазақстанның Бас санитар дәрігерінің қаулысымен карантин талаптары күшейтіледі. Атап айтқанда, әуе және құрлықтағы шекара бекеттеріне қатаң санитарлық талап қойылады. Халықаралық рейстермен ұшып келген жолаушылар жарамдылық мерзімі 3 күннен аспаған ПТР тесті көрсетуі тиіс. Егер де жолаушының қолында коронавирусты анықтайтын тест қорытындысы болмаса, әуе кемесінің бортына жіберілмейді. Сондай-ақ, транзиттік тасымал жасайтын көлік жүргізушілерінің қолында ПТР тесттің нәтижесі болуы тиіс. Жергілікті санитарлық-эпидемиология қызметтеріне карантинге алынған азаматтардың сынама қорытындысын екі күннің ішінде әзірлеу тапсырылды. Осы аптада қабылданған шешіммен Балқаш қаласында қарантин режимі күшейтілді. Бүгіннен бастап саябақтар, балалардың ойын алаңдары жұмысын тоқтатты. Бұған қоса тұрғындарға кешкі сағат 22:00-ден таңғы сағат 05:00-ге дейін жеке көлігімен жүруге тыйым салынды. Тек жұмысшы таситын автобустар ғана жүреді. Дүкендер мен тамақтану орындары кешкі сағат 22:00-ге дейін ғана жұмыс істейді. Ал қызмет көрсету орындарына алдын ала жазылу қажет. Кәмелет жасына толмаған жасөспірімдердің үлкендерсіз көшеде жүруіне тыйым салынды. Ал 65 жастан асқандарға үйден шықпауға кеңес беріліп отыр. Шаһарда осы күнге дейін 40 адам вирус жұқтырған. Аймақтарда карантиннің талаптары әлі де сақталмай келеді. Қатерлі індеттің екінші толқыны келуі мүмкін деген қауіпке сенбей жүргендер де көп. Мысалы, Ақмола облысында мониторинг жүргізілген нысандардың 50 пайызында карантиндік талаптар сақталмаған. Өңірдің бас санитарлық дәрігері Айнагүл Мусинаның айтуынша, сауда орындарына кіре берісте келушілердің қызуы тексерілмейді, сонымен бірге санитайзерлер де әр 150 метр сайын, қолжетімді жерде орналаспаған. Маска режимі толыққанды сақталмайды, сауда үйлерінің әкімшілігі мен сатушылары тарапынан келушілерге маска тағу туралы ескерту айтылмайды. Сатушылардың өздері маскасыз, болғанның өзі дұрыс тақпайды. Әлеуметтік қашықтық та сақтала бермейді. Бутиктердің кіре берісінде бес адамнан көп кіруге болмайды деп ескерту жазба ілініп тұрғанымен, іс жүзінде ол сақталмайды. Облыс бойынша коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың басым көпшілігі Көкшетау қаласында тіркеліп отыр. «Бізде қазіргі таңда эпидемиологиялық жағдай нашарлап келеді. Оның ішінде Көкшетау қаласында коронавирус инфекциясын жұқтырудың 97 жағдайы тіркелді. Бұл бүкіл облыс бойынша қазан айында тіркелгендердің 80 пайызын құрап отыр», - деді Айнагүл Мусина. ІІМ ақпаратына сәйкес, Шымкентте түнгі уақытта жұмыс істеп, карантин режимін бұзған караоке анықталды. Қазан айының 20-нан 21-не қараған түні Шымкент қаласыгның Полиция департаменті Қаратау АПБ-ның учаскелік полиция инспекторлары рейдтік іс-шараларын жүргізу барысында М.Дулати көшесінің бойында орналасқан Shelby караоке клубының сағат 01:00-де жұмыс істеп, карантин режимін өрескел бұзғанын анықтаған. Аталған жайт бойынша нысан иесіне ҚР ӘҚБК-нің 425-бабымен әкімшілік іс құжаттар жинақталып, санитарлық-эпидемиологиялық қызметке жолданылды. Сонымен қатар, қорқор (кальян) шеккен үш азаматқа және аталған нысан әкімшілігіне ҚР ӘҚБК-нің 441-бабымен әкімшілік хаттама толтырылды. Еліміздегі карантин талаптарын күшейту шаралары жалғаса берер. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» дейтін халықпыз. Егер короновирустың екінші толқыны біздің елде де күшейетін болса, көктемдегідей дәрі таппай қалмаймыз ба деген сауал көпшіліктің көкейінде жүр. Күні кеше ғана «СК-Фармация» басшысы Ерхат Исқалиев өңірлерде дәрі тапшылығы болмайды деп мәлімдеді. Ел бойынша 4 хаб құрылып, дәрілік препараттар тасымалданып жатыр. Стационарларда 1 айлық қор болса, қоймаларда 2 айлық қор жиналған. Бұл дәрі-дәрмек айына 60 мың адамды емдеуге жетеді. 8,2 млрд теңгеге 44 дәрілік препарат түрі сатып алынған. Айтуынша, батыс аймақтағы Ақтөбе хабында 4 млрд теңгенің дәрісі бар. Оның 400 млн теңгесіне коронавирусқа қарсы препараттар алынған. Сондықтан алаңдаудың қажеті жоқ деп отыр. Вирусқа қарсы препараттың 50 процентке жуығы өзімізде өндіріліп жатыр. Жалпы өндіріс көлемі 39,8 процентке өскен. Отандық кәсіпорындар тәулігіне 900 мың бетперде шығарады. Қоймаларда 18 млн дана бетперде мен 7 млн қолғап дайын тұр.