Жаңалықтар

Елордада дәрі-дәрмектерді қымбат бағаға сатып жатқан дәріханалар анықталды

2020 жылғы 7 тамыз 14:31
Елордада дәрі-дәрмектерді қымбат бағаға сатып жатқан дәріханалар анықталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Полицейлер елордадағы үш дәріханада «Ацикловир АКОС» дәрісінің қымбат бағада сатылып жатқанын анықтады.

ҚР Денсаулық сақтау министрінің «Дәрілік заттардың шекті бағалары туралы» бұйрығына сәйкес, оның бір қаптамасы 189 теңге тұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментіне сілтеме жасап.

Нәжімеденов көшесінің бойындағы дәріханалардың бірінен құны 7 мың 200 теңге болатын 18 қаптама тәркіленді. Дәріхана қызметкерлері оның бір қаптамасын 400 теңгеден сатқан.

Қабанбай батыр көшесінің бойындағы екінші дәріханада бір қаптамасы 300 теңгеден, ал Ұмай ана көшесінің бойындағы үшінші дәріханада 41 теңгеге қымбат сатылып жатқаны анықталды.

«Заң бұзушыларға қатысты іс материалдары Нұр-Сұлтан қаласының Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне жіберілді. Олар әкімшілік жауапқа тартылып, сол бойынша процессуалдық шешім қабылданады. Полицейлер прокуратура қызметкерлерімен бірге медициналық дәрі-дәрмектерді сату фактілерін анықтау бойынша рейдтер жүргізуді жалғастырып жатыр», - делінген елордалық полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Рейд жүргізілген уақыт ішінде тәртіп сақшылары ҚР заңнамасын бұза отырып, медициналық препараттарды сату бойынша 124 фактіні анықтап, 137 адам, соның ішінде 90-ға жуық дәріханашы ұсталды, 476 дәріхана тексерілді.