Жаңалықтар

Елордалықтар маска тағуға мән бермей отыр – министр

2022 жылғы 2 тамыз 12:27
Елордалықтар маска тағуға мән бермей отыр – министр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният бизнес өкілдерін КВИ-дің таралмауына жол бермес үшін талаптарды орындауға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министр шілде айында елімізде эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасы қайта қаралғанын айта келе, аймақтар бойынша шектеу шараларыда қайта қаралғанын және оны Ведомствоаралық комиссия мақұлдағанын еске салды. «Мәселен, «жасыл» және «сары» аймақтарда шектеу шаралары бизнес объектілерінің қызметін шектемей, инфекция көзін оқшаулауға бағытталған. Яғни нясандарда санитарлық-дезинфекциялық тәртіпті күшейтуге, қоғамдық орындарда, қоғамдық көлікте медициналық масканы қолдануға кеңес берілген», - деді А. Ғиният. Осы орайда ол шектеу шараларын енгізу бизнестің және халықтың профилактикалық шараларды ұстану жағдайына байланысты болатынын айтты. «Алайда, «сары» аймақтағы Нұр-Сұлтан қаласында үй-жайларда көп адам қатысатын көпшілік іс-шаралар жүргізіледі және медициналық маска тағу әрі әлеуметтік қашықтық талаптары сақталмайды. Бұл елордада инфекцияның одан әрі таралуына алып келіп отыр. Эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру және бизнестің шектеусіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін нысандарда санитарлық-дезинфекция режимін сақтауды, сондай-ақ халықтың қызметтер алу кезіндегі қауіпсіздігіне назар аударуды тағы да еске саламыз», - деді министр. Бұдан бұрын хабарланғандай, «қызыл» аймақта шектеу шаралары денсаулық сақтау жүйесінің жүктемесіне байланысты екі кезеңмен қабылданады.