Жаңалықтар

Эпидахуалдың нашарлауы қаңтар оқиғаларымен еш байланысты емес - Ералы Тоғжанов

2022 жылғы 18 қаңтар 20:28
Эпидахуалдың нашарлауы қаңтар оқиғаларымен еш байланысты емес - Ералы Тоғжанов

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов елдегі эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауы қаңтар оқиғаларымен еш байланысты еместігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Омикрон штамының пайда болуы мен одан кейінгі аурудың күрт өсуі елді дүр сілкіндірген тәртіпсіздіктермен байланысты деген пікір бар. Яғни, билікке адамдардың үйде отырғаны тиімді, расымен де солай ма?», - деп сұрады журналист Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында. «Менің ойымша, бұл мәселелер бір-бірімен мүлдем байланысты емес. Түрлі болжамдар мен пікірлерді емес, нақты фактілерді қарау керек. Бүгінде барлық фактілер елдегі коронавирустың таралуы күрт шиеленісіп бара жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар, коронавирустың күнделікті өсу қарқыны бірінші кезекте омикрон штамымен тікелей байланысты. Мысалы Нұр-Сұлтан бойынша жүктеме 200 адам болса, қысқа мерзім ішінде бұл көрсеткіш мыңға жетті. Денсаулық сақтау жүйесіне үлкен жүктеме түсті. Яғни, коронавирустың осындай өсу қарқыны нақты қауіп бар екенін көрсетеді», - деді Ералы Тоғжанов. Спикер шектеу сипатындағы барлық шаралар, бірінші кезекте, азаматтардың өмірін қорғауға және қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті. «Бұл мәселелерді араластырмауды және қосымша тұжырымдар мен болжамдарға сүйенбеуді сұраймын. Қазіргі істердің нақты жай-күйіне қарау керек. Бүгін де сіздердің алдарыңызда елдегі эпидемиологиялық жағдайды еш бүкпесіз ұсынып отырғанымыз бекер емес. Ешкім ештеңені жасырып отырған жоқ: ашық режимде, ашық форматта ақпаратты жеткізіп отырмыз. 13 мың науқасқа дейінгі мұндай өсу қарқыны бізде 2020, 2021 жылдары болған жоқ. Егер мәселе тек коронавирустың жеңіл формасымен байланысты болса, бұл мәселені көтермес те едік. Бірақ денсаулық сақтау жүйесінің шамадан тыс жүктелгендіктен, нақты шаралар қабылдауымыз керек», - деді Ералы Тоғжанов.