Жаңалықтар

Ералы Тоғжанов: «Қазақстанда соңғы екі жылда 16 модульдік-инфекциялық аурухана салынды»

2022 жылғы 15 наурыз 12:30
Ералы Тоғжанов: «Қазақстанда соңғы екі жылда 16 модульдік-инфекциялық аурухана салынды»

Қазақстанда соңғы екі жылда 16 модульдік-инфекциялық және 3 инфекциялық аурухана салынды. Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов «Ошақбаев Livе» бағдарламасына берген сұхбатында мәлімдеді.

Сұхбат барысында пандемияның бастапқы кезеңінде елімізде бар болғаны 18 зертхана жұмыс істегенін және олар тәулігіне небары 6 мың ПТР тестіне талдау жүргізгені айтылды. Ералы Тоғжановтың айтуынша, бүгінде еліміздегі мұндай зертханалардың саны бірнеше есеге артқан.

– Қазіргі таңда Қазақстанда 183 зертхана бар және олар бір тәулекте 128 мыңға дейін ПТР тестіне талдау жасай алады. Аз уақыт ішінде біз жаңа зертханалар ашып, қолданыстағы зертханалардың жұмысын жандандыра алдық», – деді Үкімет басшысының орынбасары.

Ералы Тоғжанов ел тұрғындарын вакцинациялау және ревакцинациялау барысына тоқталып өтті. Сонымен бірге Премьер-министр орынбасары отандық QazVak вакцинасы туралы әңгімеледі:

Қазақстанда ел тұрғындарын вакцинациялау процесі былтыр 1 ақпаннан басталды. Ал 2021 жылдың наурыз айынан бастап біз өзіміздің QazVак вакцинасын егуді қолға алдық. Бүгінгі таңда елімізде 10 миллионнан аса адам вакцина алды. Соның нәтижесінде біз коронавирустың жаңа штамы – «омикронға» еш қиындықсыз төтеп бере алдық. Бірқатар Еуропа елдерінде «омикрон» штамы үш айға жуық уақыт бойы өршіп тұрды. Ал біз оны небары бір айда еңсере алдық. Міне осының бәрін вакцина жұмыстарын уақтылы қолға алудың нәтижесі деп білеміз, - деді Ералы Лұқпанұлы.

Оның айтуынша, Қазақстан вакцина салу көрсеткіші бойынша ТМД елдері арасында алдыңғы орында тұр. Мәселен, тек былтыр күздің бірінші айында Қазақстан ТМД елдері арасында ересектерді вакцинациялау көрсеткіші бойынша алға озды. Бұл ретте 86% тиімділігін көрсеткен отандық QazVак-тың рөлі зор.

- Естеріңізде болса, әлем бойынша тек алты ел өз вакцинасын әзірлей алды және солардың бірі біздің ел болып отыр. Мен барлық отандық ғалымдарға осы ерен еңбектері үшін алғысымды айтамын. Жалпы тәжірибе көрсеткендей кез келген вакцинаны қауіпсіздік шараларын сақтай отырып әзірлеу, кейін оны сынақтан өткізу – бұл үлкен еңбек пен қажырлықты талап етеді. QazVак-ты Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі биологиялық институт базасында әзірледік. Вакцинаны әзірлеу үшін, 156-дан астам реагент қажет. Бұл реагенттерді біз Еуропаның 5 елінен алдырамыз. Оларды елге жеткізуге 3 айдан 6 айға дейінгі уақыт кетті. Себебі ол кезде пандемияға байланысты шетелдердің барлығында жағдай күрделі еді. Бұған қоса біздің алдымызда қауіпсіздікті барынша қамтамасыз ету міндеті тұрды. Міне, осының бәрі ескере келе, Президент тапсырмасымен Қазақстанда өте қысқа мерзімде вакцина шығару зауыты салынды. Ал негізінде мұндай зауыттарды іске қосу үшін, 3 жылға дейін уақыт кетеді, деді Премьер-министр орынбасары.

Ералы Тоғжанов қазақстандықтарға КВИ жұқтыру көрсеткіші төмендегеніне қарамастан, сақтық шараларын ұмытпауға шақырды.

Бүгінгі күні Қазақстан 57 елге визасыз режим ұсынып отыр, осыған орай ел тұрғындарына айтарым, бізге әлі босаңсуға болмайды. Қазірдің өзінде 35 елде КВИ көрсеткішінің жоғарылағаны анықталуда. Оның ішінде көршілес мемлекеттер мен біздің тұрғындар демалуға жиі баратын Тайланд, Малайзия және т.б. елдер бар, – дейді ол.

Үкімет басшысының орынбасарының айтуынша, пандемия басталғалы елімізде бірқатар инфекциялық ауруханалар бой көтерді.

Республикада қысқа мерзім ішінде 16 модульдік-инфекциялық аурухана мен 3 инфекциялық аурухана салынды. Бұдан бөлек мыңдаған өкпені жасанды желдету аппараттары алынып, қаншама аудандық ауруханалар рентген аппараттарымен қамтамасыз етілді. Қазіргі таңда материалдық-техникалық базаны күшейту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, мемлекет басшысының тапсырмасымен, биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету кеңесі құрылуда, – деді Ералы Лұқпанұлы.

Авторы: Майнұр Ырсақ