Жаңалықтар

Ермек Маржықпаев: Ақмола облысында эпидахуалды тұрақтандыруға бағытталған жұмыс жүргізіліп жатыр

2021 жылғы 19 қаңтар 10:57
Ермек Маржықпаев: Ақмола облысында эпидахуалды тұрақтандыруға бағытталған жұмыс жүргізіліп жатыр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ақмола облысында коронавирусқа байланысты эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыруға бағытталған жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өңірдегі эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруға бағытталған жұмыс жүргізілуде. Соңғы аптада жалпы аурудың орташа өсімі 0,8 пайызды құрады. Соңғы тәуліктерде - 1,2 пайыз немесе 99 жағдай. 526 адам стацонарда ем алып жатыр. Оның ішінде 41 адамның жағдайы ауыр. Аурудың артуына жол бермеу және карантин шараларын күшейту үшін барлық қажетті шара қолданылады», - деді ол. Оның айтуынша, азық-түлік емес дүкендердің, сауда ойын-сауық орталықтардың жұмыс тәртібі 30 пайыз толуына қарай таңертеңгі сағат 10-нан 22-00-ге дейін, үй-жайлардағы қоғамдық тамақтану нысандарының қызметі сағат 09-00-ден 20-00-ге дейін шектелді. Мониторинг топтарымен жыл басынан бері 346 рейд өткізілді. 1 212 нысан қамтылды. Өткен аптада инфекциялық стационарларда, оның ішінде ауылдарда төсек-орын саны артты. Реанимациялық төсек-орындардың жабдықталуы 100 пайызды құрайды. «Бүгінгі таңда Ұлттық сараптама орталығының бірыңғай порталымен ықпалдастырылған 3 зертхана жұмыс істейді. Тәулігіне 1 700-ден 2 мыңға дейін тест өткізіледі. Қажеттілігіне қарай зертханалардың резервтік қуаты тәулігіне 7 мыңға дейін тест өткізуге мүмкіндік береді», - деді Ермек Маржықпаев.