Жаңалықтар

Еуропада коронавирус жұқтырғандар саны 60 миллионнан асты - ДДСҰ

2021 жылғы 2 тамыз 22:56
Еуропада коронавирус жұқтырғандар саны 60 миллионнан асты - ДДСҰ

КОПЕНГАГЕН. ҚазАқпарат – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық аймақтық бюросының жаңа мәліметтеріне сәйкес, пандемия басталғаннан бері Еуропа аймағында COVID-19 жұқтырушылар саны 60 миллионнан асты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ДДСҰ Еуропалық аймақтық бюросының ресми сайтына сілтеме жасап.

«Пандемияның соңы әлі жақындаған жоқ, өкінішке орай, Еуропа аймағында COVID-19-дан 1,2 миллионнан астам адам қайтыс болды. Елдер халықтың ең осал топтары мен қауіп-қатер тобындағы адамдарды қорғау бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруы маңызды. ДДСҰ-ға мүше мемлекеттерде еуропалық аймақта вакцинамен қамтудың жалпы көрсеткіштері айтарлықтай ерекшеленеді. Ал кейбір елдерде 60 жастан асқан адамдар, медицина қызметкерлері, ұзақ мерзімді емдеу мекемелерінде тұратын адамдар және ілеспе аурулары бар адамдар сияқты халықтың басымдықты топтарын вакциналау деңгейі әлі де төмен. Індеттің ауыр өтуін болдырмау және өлімнің алдын алу үшін вакциналардың тиімді екені дәлелденді. Ал осы басымдықты топтардағы аурудың көбеюі ауруханаға жатқызылғандар мен өлім жағдайларының артуына әкеледі. Біз халықтың барлық басымдықты тобын шұғыл түрде вакциналауымыз керек», - деді ДДСҰ Еуропалық аймақтық бюросының төтенше жағдайлар жөніндегі аймақтық директоры Dorit Nitzan. Оның айтуынша, пандемияны тоқтату үшін барлық елде вакцинацияға қолжетімділікті қамтамасыз ету қажет. Соның ішінде вакциналар өндірісін қолдау және әр елдегі осал адамдарды қорғау үшін вакциналармен алмасуды (мүмкін болған жағдайда) жүргізу керек. «Сонымен қатар, біз эпидемияға қарсы шараларды, соның ішінде тестілеу, секвенциялау, науқастармен байланыста болғандарды іздеу, оқшаулау және карантинді жалғастыруымыз керек. Сондай-ақ, қолды жуып, маска тағып, адамдар көп шоғырланған және жабық жерлерде физикалық қашықтықты сақтау маңызды», -деді ол.