Жаңалықтар

Фейк: «ПТР тестілері COVID-19 диагнозын қоюға жарамсыз»

2022 жылғы 26 қаңтар 17:54
Фейк: «ПТР тестілері COVID-19 диагнозын қоюға жарамсыз»

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Танымал Telegram чаттардың бірінде ПТР тестілері COVID-19 диагнозын қоюға жарамсыз, өйткені олар жалған оң нәтиже көп береді деген ақпарат тарады. Бұл олай емес, деп жазады stopfake.kz.

ПТР тестілеу әдісі белгілі бір ДНҚ немесе РНҚ фрагменттерін анықтауға және олардың көп мәрте репликациясына негізделген. Яғни, осы әдісті қолдана отырып, алынған үлгіде патоген мөлшері өте төмен болса да, ауруды диагностикалауға болады. ПТР талдауы 1980 жылдардан бері қолданылып келеді. Оның көмегімен гепатит, жыныстық жолмен берілетін аурулар және т.б. әртүрлі аурулар диагнозы қойылады. ПТР талдауын әкелікті анықтау үшін де қолдануға болады. Тесттің бұл түрі патогендерді, соның ішінде Sars-CoV-2 вирусын дәл анықтайды. Бұл әдісті ойлап тапқан Кэрри Муллис ПТР талдауы COVID-19 үшін пайдасыз деп мүлдем айтпаған. Біріншіден, ғалым COVID-19 пандемиясы басталғанға дейін қайтыс болды, яғни тірі кезінде бұл туралы айтпаған. Екіншіден, covid-диссиденттер кеңінен қолданатын оның «ПТР-дің пайдасыздығы» туралы дәйексөзі іс жүзінде контекстен үзіп алынған және АИТВ тақырыбына қатысты болған. Кэрри Муллис пен оның мәлімдемесі туралы біз бұған дейін айтқан болатынбыз. Таратылған ақпаратта келтірілген АҚШ ауруларды бақылау және алдын алу орталығының (CDC) ПТР тестінің белсенді инфекцияны анықтай алмайтындығын мойындағаны туралы тезис – өтірік. Ол CDC сайтында 2021 жылғы 21 маусымда жарияланған құжатқа негізделген. Онда пандемияның басында жасалған 2019-nCoV RT-PCR сынақтарын қолданудан бас тарту және ПТР әдісін қолданатын басқа да заманауи тест жүйелеріне көшу ұсынылады. Бұл туралы мына жерден оқи аласыздар.