Жаңалықтар

Франция Бразилиямен әуе қатынасын тоқтатты

2021 жылғы 14 сәуір 09:25
Франция Бразилиямен әуе қатынасын тоқтатты

БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат – Франция Бразилияда анықталған Covid-19 вирусының жаңа мутациясының таралуының алдын алу мақсатында оңтүстікамерикалық елмен әуе қатынасын тоқтатты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Францияның премьер-министрі Жан Кастекс бұл туралы сейсенбі күні мәлімдеген. Сарапшылардың пікірінше, Р1 ретінде белгілі «бразилиялық нұсқа» өте жұқпалы және наурыз айында бұл елде коронавирустан өлім оқиғалары санының күрт өсуіне себеп болған. «Біз жағдайдың нашарлап бара жатқанын байқап, Бразилия мен Франция арасында барлық әуе рейстерін тоқтату туралы шешім қабылдадық», - деп мәлімдеді Ж.Кастекс. Премьер-министр Бразилия саяхатшыларының енді Францияға ұшар алдында және мұнда жеткен соң Covid-19 вирусына тест тапсырып, сондай-ақ 10 тәулік карантинде болуы тиіс екенін атап өтті. Пандемия басталғалы, Францияда коронавирусқа шалдығудың 5,1 млн оқиғасы тіркелген, бұл – Еуропадағы ең жоғары көрсеткіш. Пандемия салдарынан елде 99 мыңнан астам адам қайтыс болды.