Жаңалықтар

Германияда бір тәулікте вакцина алғандар саны рекордтық көрсеткішке жетті

2021 жылғы 9 сәуір 18:58
Германияда бір тәулікте вакцина алғандар саны рекордтық көрсеткішке жетті

БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат – Германияда 8 сәуір күні, яғни бір тәулікте коронавирусқа қарсы вакцинаны 719 мың тұрғын алды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісі.

Отбасылық дәрігерлерге вакцина салуға рұқсат етілгеннен кейін Германияда вакциналанғандар саны рекордтық көрсеткішке жетті. Осы аптаның басында ГФР-дың барлық жері бойынша 35 мыңға жуық жалпы практика дәрігері науқастарды вакциналауға қосылды, бұл билікке халықты вакциналауды жеделдетуге айтарлықтай көмектесті. 7 сәуірде Германияда 656 мың доза қолданылды, бұл алдыңғы күндерге қарағанда 290 мыңға көп. Сондай-ақ сәуір айы басталғалы елге вакциналардың қосымша партиясы жеткізілуде. Германиядағы тұрғындардың шамамен 14 пайызы бір дозадан қабылдады. Халықтың шамамен 6 пайызы екі дозаны қабылдады. Әзірге отбасылық дәрігерлерде аз мөлшерде вакцина дозалары бар. Бірінші аптада бұл дәрігерлерге барлығы 940 000 вакцина алынады, бұл бір дәрігерге орта есеппен 26 дозадан келеді. Сондай-ақ 26 сәуірден бастап препараттардың жеткізілімі ұлғаюы мүмкін, отбасылық дәрігерлерге аптасына үш миллионнан астам доза қолжетімді болады деп күтілуде. Барлығы Германияда вакцинация басталғаннан бері 2020 жылдың желтоқсан айының соңынан бастап 16,26 миллион доза вакцина салынды. Автор: Арнұр Рахымбеков