Жаңалықтар

Қарағанды облысының бас санитар дәрігері өңір тұрғындарына үндеу жолдады

2021 жылғы 4 наурыз 19:21
Қарағанды облысының бас санитар дәрігері өңір тұрғындарына үндеу жолдады

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының бас санитар дәрігері карантин шаралары туралы еске салып, өңір тұрғындарынан маска режимін және әлеуметтік қашықтықты сақтауды, сондай-ақ адам көп жиналатын орындарға бармауды сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Құрметті облыс тұрғындары! Көктемгі мерекелер қарсаңында сіздерге ең алдымен денсаулық тілеп, Қарағанды облысының «жасыл аймақта» болуына қарамастан сақтық шаралары туралы ұмытпау керектігін еске салғым келеді. Коронавирустық инфекциясының тіркелуі жалғасуда, бүгінгі таңда облыс аумағында 15 мыңнан астам жағдай тіркелген. 100 мың тұрғынға шаққанда сырқаттану көрсеткіші - 1130,1, репродуктив саны - 0,903. Жаңа жыл мерекесінен кейін бір инкубациялық кезең өткен соң облыс «сары аймаққа» еніп, шектеу шаралары енгізілгенін сіздер жақсы білесіздер. Сондықтан мына кеңестер әлі де өзекті болып қала береді: - масканы дұрыс киіңіз; - әлеуметтік қашықтықты сақтаңыз; - шұғыл қажеттіліксіз адамдар көп жиналатын орындарға бармаңыз; - жаппай мерекелік іс-шараларға қатыспаңыз және өткізбеңіз; - антисептиктерді қолданыңыз; - қол гигиенасын сақтаңыз. Есіңізде болсын, барлық шараларды қатаң сақтау бізге коронавирустық инфекция бойынша эпидемиологиялық жағдайды тұрақты деңгейде сақтауға мүмкіндік береді. Өзіңізді, жақындарыңызды қорғаңыз!», - дейді Қарағанды облысының бас санитар дәрігері Юрий Залыгин.