Жаңалықтар

Қарағанды облысының колонияларында вакцинацияның бірінші күні 600 адам екпе алды

2021 жылғы 16 сәуір 08:49
Қарағанды облысының колонияларында вакцинацияның бірінші күні 600 адам екпе алды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының түрмелерінде екпе салу науқаны жүргізілуде. Алғашқы тәулікте өңір мекемелерінде 548 сотталған адам вакцина алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ағымдағы жылдың 1 ақпанында Қазақстанда халықты СOVID-19 коронавирустық инфекциясына қарсы вакцинациялау басталды. Бұл науқан бас бостандығынан айыру орындарында отырған адамдарды да айналып өтпеді. Қарағанды облысының аумағында 10 мекеме орналасқан, оларда 4000-ға жуық сотталғандар қылмыстық жазасын өтеп жатыр. Алғашқылардың бірі болып Көксу кентіндегі АК-159/9 мекемесінде жазасын өтеуші әйелдерді вакцинациялай бастады. Тек алғашқы күндері Қарағанды облысында 228 сотталған әйел мен 320 ер адам вакцина алды. «Емхананың терапевт дәрігері сотталғандармен аумақтық бекіту бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, егу препараты туралы толық ақпарат береді. Сауалнама да жүргізіледі. Екпе алатын адам ерікті келісімге немесе бас тартуға қол қояды. Процедура 21 күндік аралықпен екі кезеңнен тұрады. Covid-19-ға қарсы вакцинациялау алдында медициналық тексеру жүргізіледі. Егілгендер 30 минут бойы медициналық бөлімде бақылауда болады», - деп хабарлады Қарағанды облысы бойынша ҚАЖД емдеу-алдын алу жұмысы жөніндегі бастығының орынбасары әділет полковнигі Клара Хасенова.