Жаңалықтар

Қарағанды облысының мектептерінде асханалар ашылуда

2021 жылғы 15 қаңтар 14:02
Қарағанды облысының мектептерінде асханалар ашылуда

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында мектеп асханалары жұмысын қайта бастады. Олардың толтырылуы отыратын орындардың 30%-ынан аспауы тиіс. Бұл туралы ағымдағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты SARYARQA YouTube-арнасында өткен кезекті брифингте Қарағанды облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Юрий Залыгин айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыста 15 қаңтарда короновирустық инфекцияның 12 613 жағдайы тіркелді. Қазіргі уақытта өңірдің жекелеген аумақтарында сырқаттанушылықтың өсуі байқалады. Барлық COVID-19 оқиғаларының қаңтар айында Теміртау қаласында 29%, Осакаров ауданында - 3,6%, Абай ауданында - 6,5% тіркелген. «Аурудың өршуіне жол бермеу мақсатында облыстың бас санитарлық дәрігерінің барлық нұсқауларын сақтау қажет. Балаларға, қарт адамдарға және созылмалы аурулары бар жандарға ерекше назар аударған абзал. Сіздердің және жақындарыңыздың денсаулығы өздеріңіздің қолдарыңызда!» - деді Юрий Залыгин. Сонымен қатар, Қарағанды облысы бойынша колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттерін екінші семестрден бастап штаттық оқыту қайта басталды. Үшінші тоқсанда көптеген оқушылар оқуын дәстүрлі форматта жалғастырды. Мектеп асханалары ашылуда. Олардың толтырылуы отыратын орындардың 30%-ынан аспауы тиіс. Қызметкерлер байланыссыз термометриямен таңертеңгі фильтрден өтеді. Жедел респираторлық вирустық инфекциялардың белгілері жоқ қызметкерлер ғана жұмысқа жіберіледі. «Ата-аналардан барынша жауапкершілік көрсетуді, балалармен әңгіме жүргізуді және оларға қоғамдық орындарда қауіпсіз жүріп-тұру қағидаларын еске салуды сұраймын. Оларға масканы дұрыс кию, қашықтықты сақтау, қол гигиенасы туралы тағы бір рет айтыңыздар. Мұндай қарапайым қауіпсіздік шаралары коронавирустық инфекцияны жұқтыру қаупін азайтады», - деді Юрий Залыгин. Жедел әрекет ету орталығының басшысы Қайрат Шорманбаев қала тұрғындарын абай болуға және санитарлық талаптардың бұзылғаны туралы Senim 109 телефонына хабарлауға шақырды.