Жаңалықтар

Карантин: Атырауда көпшілік іс-шараны өткізуге тыйым салынды

2021 жылғы 21 қаңтар 21:22
Карантин: Атырауда көпшілік іс-шараны өткізуге тыйым салынды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысының бас санитария дәрігерінің қаулысымен карантин шектеуі күшейтіліп, көпшілік іс-шараны өткізуге тыйым салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Атырау облысының аумағында эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанға дейін шаруашылық және (немесе) өзге де қызметпен және халықтың тыныс-тіршілігінің ерекше жағдайлармен шектеу шаралары енгізілсін. Шектеу іс-шараларының режимі мен мерзімдері облыс аумағында COVID-19 коронавирус инфекциясының таралуы бойынша ахуалдың өзгеруіне сәйкес қайта қаралуы мүмкін», - делінген бас санитар дәрігердің қаулысында. Сондай-ақ, қаулыға сәйкес, көпшілік іс-шараларды (мерекелік, ойын-сауық, көпшілік мәдени, спорт, білім беру іс-шараларды, көрме, форум, конференция, сондай-ақ отбасылық, естелік іс-шараларды (банкет, үйлену тойы, мерейтой, еске алу және т. б.), жаппай адамдар жиналатын өзге де іс-шараларды өткізуге тыйым салынған. Мұндай шараларды үйде өткізуге де болмайды. «Барлық ойын-сауық объектілерінің, банкет залдарының, барлық түрдегі ойын аландары (аулаларды қоспағанда), түнгі клуб, бар, караоке, компьютер және ойын клубы, қорқор, букмекер кеңселерінің қызметін, мерекелерді ұйымдастырушы кейтеринг қызметтер мен қызметтер көрсетуді, меншік нысанына қарамастан мектепке дейінгі балалар мекемелерінің (кезекші топтарды қоспағанда) қызметін, мәдени нысандардың, жеке, топтық дайындықтарды қоса алғанда кинотеатрлардың, театрлардың және қызметін тоқтата тұру ұсынылып отыр» -делінген құжатта. Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда карантин шектеуі қайта күшейтілген болатын.