Жаңалықтар

Карантин: Қоғам белсенділері тұрғындарды жауапты болуға шақырды

2020 жылғы 14 тамыз 22:08
Карантин: Қоғам белсенділері тұрғындарды жауапты болуға шақырды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Биыл тойдың санын қысқартып, қоғам болып тәртіпке бой ұсыну керек. Саясаттанушы Самат Нұртаза карантин шектеулерін біртіндеп алуға қатысты осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Той-томалақ, жиын коронавирустың кең таралып кеткеніне себепші болды деп ойлаймын. Биыл тойдың санын сәл қысқартып, қоғам болып тәртіпке бой ұсынсақ әлдеқайда дұрыс болар еді», - дейді саясаттанушы Самат Нұртаза.

Оның айтуынша, қоғам тәртіпті болса, ережеге бағынса - дерттен тезірек құтылады.

«Маусымдық тұмауға байланысты күзде вирустың екінші толқыны жүреді деген қауіп бар. Сондықтан әлеуметтік арақашықтықты сақтап, маска тағып жүру аса маңызды. Тұмау мен пневмококқа қарсы вакцина салдырған да жөн», - дейді «Talap» қолданбалы зерттеу орталығының директоры Рахым Ошақбаев.

Еске сала кетсек, 17 тамыздан бастап бірқатар нысан жұмысын қайта бастайды.