Жаңалықтар

Қатаң карантин іс-шаралары енгізілген жағдайда қанша адам жұмыссыз қалады – маман жауабы

2021 жылғы 15 сәуір 18:57
Қатаң карантин іс-шаралары енгізілген жағдайда қанша адам жұмыссыз қалады – маман жауабы

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде коронавирус пандемиясына байланысты қатаң карантин іс-шаралары енгізілген жағдайда 165 мың адам жұмыссыз қалады. Бұл туралы «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ президенті Дәулет Арғындықов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің орталық мұндай бағалау жүргізді. Ең алдымен біліктілік деңгейін, қандай салаларда адамдар арасында байланыс болатындығын ескердік. Әрине, бұл белгілі бір уақыт кезеңінде жұмыс істеуге тыйым салатын қатаң карантин іс-шаралары енгізілген жағдайда ғана. Бағалауымызша, 8,7 млн жұмыс күшінің ішінде 4,1 млн адам жұмыс орындарында қалады. Олар: ТКШ, дәрігерлер, медицина қызметкерлері, өндірістік кәсіпорындар, ауыл шаруашылығы жұмысшылары», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихаты барысында. Оның атап өтуінше, білім беру саласының, мемлекеттік органдардың, кеңселердің қызметкерлері қашықтан жұмыс істеуге көшірілуі мүмкін. Олардың саны шамамен 2,5 млн адамды құрайды. «Біз тәуекел тобына кіруі ықтимал деп 2 млн адамды қарастырамыз. Бірақ, мұның өзі де нақты жағдайларға байланысты. Бұл бірінші кезекте қызмет көрсету, сауда, көлік сынды салаларды қамтиды. Ал егер жұмыс орнын жоғалтумен байланысты жайтқа тоқтар болсақ, онда біздің есебімізше 165 мың адам жұмыссыз қалуы мүмкін. Яғни, толықтай шектеу іс-шаралары енгізілген жағдайда 165 мың қызметкер жұмысын жоғалтады», - деді Дәулет Арғындықов.