Жаңалықтар

Қаулы: «Спутник» вакцинасының ІІ компоненті 21 күннен 90 күн аралығында салынады

2021 жылғы 6 мамыр 23:20
Қаулы: «Спутник» вакцинасының ІІ компоненті  21 күннен 90 күн аралығында салынады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің жаңа қаулысы жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қаулы мәтініне сәйкес, вакциналау тәртібіне өзгеріс енгізілген. «Вакцинацияны екі кезеңмен жүргізеді: 0,5 мл дозада I компонентпен, содан кейін вакцинация күнін есептемегенде 45 күннен кейін - 0,5 мл дозада II компонентпен; бұл ретте кейбір жағдайларда егілушілердің өтінішінің негізінде 21 күннен 90 күн кезеңінде «Гам-КОВИД-Вак» вакцинасымен ІІ компонентпен вакцинациялау жүргізуге жол беріледі», - делінген қаулыда. Еске салсақ, ҚР ДСМ Бас мемлекеттік санитар дәрігері Ерлан Қиясовтың 30 сәуірдегі №17 қаулысы бойынша вакциналау тәртібіне өзгерістер енгізілді. «Вакцинацияны екі кезеңмен жүргізеді: ең алдымен 0,5 мл дозада I компонентпен, содан кейін вакцинация күнін есептемегенде 45 күннен кейін - 0,5 мл дозада II компонентпен; бұл ретте 45-ші күнге II компонентпен вакцинация жүргізу мүмкін болмаған жағдайда (демалыс, мереке күндеріне сәйкес келу, басқа елді мекенге шығу және басқалар) вакцинацияны 90 күн ішінде жүргізуге жол беріледі; вакцинацияның осы курсы 2021 жылғы 21 сәуірден бастап «Гам-КОВИД-Вак» вакцинасының бірінші компонентін алған адамдарға енгізіледі», - деп жазылған қаулыда. Кейін, КВИ-ға қарсы вакцинациялау кестесін өзгерту мәселесі бойынша ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Ерлан Қиясов түсініктеме берді.