Жаңалықтар

Қазақстан Президенті БҰҰ бастамасымен ұйымдастырылған форумға қатысады

2020 жылғы 28 мамыр 17:07
Қазақстан Президенті БҰҰ бастамасымен ұйымдастырылған форумға қатысады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін «COVID-19 тұсында және одан кейінгі кезеңде дамуды қаржыландыру» атты жоғары деңгейдегі форумға қатысады. Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында хабарлады.

«БҰҰ бастамасымен ұйымдастырылған бұл іс-шара бейне конференция форматында өтеді. Мемлекет басшысы қазіргі уақытта Қазақстан төрағалық ететін Теңізге шығатын жолы жоқ дамушы елдер тобының атынан сөз сөйлейді» делінген хабарламада.

Мәліметке сай, сессия барысында БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш, Канаданың Премьер-Министрі Джастин Трюдо, Германия Канцлері Ангела Меркель, Франция Президенті Эмманюэль Макрон, Жапония Премьер-Министрі Синдзо Абэ және басқа да мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың басшылары сөз сөйлейді деп жоспарланып отыр.

Форум тікелей эфир арқылы Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бойынша сағат 18.00-де webtv.un.org сайтынан көрсетіледі.