Жаңалықтар

Қазақстанда 16 адам вакцина салдырса да, коронавирус жұқтырған

2021 жылғы 15 сәуір 16:35
Қазақстанда 16 адам вакцина салдырса да, коронавирус жұқтырған

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті вакцина салдырса да, коронавирус жұқтырған тұрғындар туралы ақпарат берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі таңда вакцина алғаннан кейін (бірінші және екінші кезең) коронавирус инфекциясын жұқтырудың 16 жағдайы тіркелді. Бұл жағдайлардың ішінде вакцинацияның екінші кезеңінен кейінгі ең көп күн – төртінші апта. Сонымен қатар, коронавирус инфекциясына қарсы вакцинациядан кейінгі иммунитет екінші кезеңдегі вакцинаны алған сәттен бастап, алты аптадан кейін қалыптасатынын хабарлаймыз», - деп түсіндірді комитет. Сонымен бірге, комитет аурудың жұғуына вакцинаның қатысы жоқтығын баса айтты. «Біздің елде қолданылатын КВИ-ге қарсы вакцинаның құрамында тірі вирус жоқ, сондықтан енгізілген вакцина КВИ ауруын тудырмайды. Вакцинада антиденелер пайда болатын коронавирустың бір бөлігі ғана бар. Кейін инфекция болған жағдайда, бұл антиденелер вакцинадағы осы бөлшек арқылы табиғи вирусты тұтас танып, оны жояды. Осыған байланысты, жаңадан екпе алған адам вакцинадан ауру жұқтыра алмайды және вакцина алғандықтан айналасына ауру тасымалдамайды», - дейді Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті.