Жаңалықтар

Қазақстанда коронавирустың өршуі қайталануы мүмкін бе

2021 жылғы 24 ақпан 19:26
Қазақстанда коронавирустың өршуі қайталануы мүмкін бе

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі, бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясов коронавирустың өршуінің алдын алу үшін тиісті жұмыстар атқарылғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұдан бұрын песимистік есептеулер бойынша індеттің өршу мүмкіндігі наурыздың соңы мен сәуірдің басына қарастырылған еді. Алайда қазіргі жағдайда ескере отырып, осыған дейін белгіленген қауіп сейілгенін байқауға болады. Қазіргі кезде жағдай оптимистік сценарий бойынша қалыптасып келеді», - деді Е. Қиясов Орталық коммуникациялар қызметінде. Сонымен қатар ол былтырғы жаз айларындағыдай індеттің өршуі болмауы үшін тиісті жұмыстар атқарылғанын жеткізді. «Коронавирус инфекциясының таралуын шектеуге бағытталған қадамдар тиісті оң нәтижесін берді деп үміттенеміз. Сондықтан өткен жылдағы ахуал қайталанбайды деп санаймыз», - деді вице-министр. Бұдан бұрын хабарланғандай, баспасөз мәслихатында ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі, бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясов коронавирусқа қарсы вакциналау науқанына қатысты түсінік берді. Коронавирус инфекциясына қарсы вакциналау жалғасып жатыр. Қазіргі кезде бірінші компонентпен 20 157 адам егілді. 22 ақпаннан бастап екінші компонентпен вакциналау басталып, 2 137 адамға екпе жасалды, қолайсыз көріністер тіркелген жоқ. Мұнымен қоса ол Үкімет мүшелеріне қай вакцина салынатынын айтты.