Жаңалықтар

Қазақстанда күніне 90-100 мың адам вакцина алып жатыр

2021 жылғы 16 маусым 16:09
Қазақстанда күніне 90-100 мың адам вакцина алып жатыр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда күніне 90-100 мың адам вакцина алып жатыр. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әрине, біз вакцинация барынша тезірек біткенін қалаймыз. Бұл ретте жүргізіп жатқан жұмыстарымызды күшейте түсу қажет деп есептеймін. Өңірлермен не істеп жатырмыз? Апта сайын коронавируспен күрес жөніндегі ведомствоаралық комиссия өтеді. Онда біз өңірлерге ақпараттық-түсіндіру жұмысын күшейту қажеттігін айтамыз. Өйткені, вакцина ерікті түрде салынады», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында. Сонымен қатар ол соңғы күндері елімізде вакциналау қарқыны арта түскендігін баса айтты. «Айталық, кеше шамамен 90 мың доза екпе салынды. Жалпы, соңғы күндері 90-100 мың вакцина салынып жатыр. Яғни, біз бұл жұмысты күшейте түсетін боламыз. Қалай болғанда да күзде 10 млн вакцина салынады деп жоспарлап отырмыз. Әрине, вакцина салдырмаған, аурып тұрғаннан кейін 6 айдан астам уақыт өткен азаматтар келіп вакцина алатындығына, қолдау көрсететіндігіне үміттенеміз. Өйткені, өкінішке орай адамдар екінші рет қайта ауырып қалып жатыр. Бізге Қазақстанда коронавирус инфекциясының толқынды таралуы болмауы үшін қорғану қажет», - деді Алексей Цой.