Жаңалықтар

Қазақстанда КВИ-ға шалдыққан тұрғындардың 98%-ы аурудан емделіп шықты – Ералы Тоғжанов

2022 жылғы 15 наурыз 10:00
Қазақстанда КВИ-ға шалдыққан тұрғындардың 98%-ы аурудан емделіп шықты – Ералы Тоғжанов

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов «Ошақбаев Livе» бағдарламасына сұхбат беріп, елімізде соңғы екі жылда коронавируспен күрес бойынша қандай іс-шаралар қолға алынғанын мәлімдеді.

Оның айтуынша, екі жылда қауіпті вирусқа шалдыққан ел тұрғындарының 98%-дан астамы аурудан жазылып шыққан. Сонымен бірге, сұхбат барысында әлем бойынша КВИ-ға шалдыққан азаматтар саны бүгінде 20%-ға азайғаны белгілі болды.

Премьер-Министр орынбасарының сөзінше бүгінде коронавирустың өршу көрсеткіші әлемнің 180 елінде бәсеңдеген. Қуантарлығы аталған елдердің арасында Қазақстан да бар.

Елімізде коронавирус алғаш тіркелгеннен күннен бастап, бүгінге дейін күрделі кезең болғаны баршаға мәлім. Бастапқыда ел бойынша тәулігіне шамамен 3500-нан аса азаматтың коронавирус жұқтырғаны тіркеледі деген болжам болғанымен, кейін бұл көрсеткіш бірнеше есеге артып, еліміздің денсаулық сақтау саласына салмақ түсті. Бұл ретте індет еліміздің денсаулық сақтау саласынағана емес, барлық мемлекеттік органдар үшін сынақ болды. Ал жалпы Қазақстанда бүгінге дейін 1 млн 400 мың адам коронавируске шалдыққан. Қуаныштысы олардың 98%-ы аурудан жазылып шықты», –деді Үкімет басшысының орынбасары.

Сонымен қатар, Ералы Тоғжанов Қазақстан КВИ салдарынан көз жұмған азаматтар санының көрсеткіші бойынша 225 елдің ішінде 108-ші орында тұрғанын мәлімдеді.

«Ең қиын кезең, әсіресе өлім көрсеткіші жоғары уақыт 2020 жылдың маусым айы болды. Бұл кезең – еліміздегі пандемияның бірінші толқынымен, яғни маусым айының соңы мен шілденің басына тұспа-тұс келді. Ал соңғы толқын -«омикрон» штамы болып отыр. Соңғы штамда күніне 16 мың адамға дейі КВИ жұқтырды. Осы бес толқын бойы біз емдеу хаттамаларын 13 рет өзгерттік. Сол сияқты ВАК-тың 100-ден астам отырысы өтіп, онда 2000-нан астам іс-шара қабылданды және олардың әрқайсысы белгілі бір мәселені шешуге бағытталды. Сонымен бірге 2020 жылы отандық дәрілік препараттар мөлшері 14% ғана еді. Қалғанының бәрін біз сырттан әкелетінбіз. Ал қазір өзіміздің дәрілік препараттарды шығару есебінен, бұл көрсеткіш 35%-ға жетіп отыр»,-деді Премьер-министр орынбасары.

Ералы Лұқпанұлы сұхбат барысында «Ашық» қосымшасының қалай әзірленіп, іске қосылғанын атап өтті.

2021 жылдың наурыз айында Қазақстанда «Ашық» қосымшасы жұмыс істей бастады. Мұндай қосымшаның баламасын Ресей де әзірлеуге талпынды, алайда олар бұл жобаны соңына дейін апармады. Біз неліктен «Ашықты» қолға алдық? Себебі ол кезеңде шағын және орта бизнестің жағдайы тым мүшкіл еді. Олар бізге күн сайын өтініш жазып жатты. Есңізде болса, қанша жұмыс орны жабылудың аз-ақ алдында тұрды. Сол сәтте біз «Ашық» жобасын дайындаған азаматтармен тығыз жұмыс жасап, қосымшаны іске қостық. Бастапқы екі аптада наразылық болдыб, тіпті кейбірі қарсылықтарын да білдіріп жатты. Бірақ шағын және орта бизнес өкілдеріне қосымшаны егжей-тегжейлі түсіндіріп, оның артықшылықтарына тоқталып өткеннен кейін, бұл жұмыс өз нәтижесін берді. «Ашық» өзін-өзі толық ақтады деп толық сеніммен айта аламын, себебі біз ол арқылы азаматтардың екпе алу көрсеткішін, кімде екпе төлқұжаты бар екенін бақылай алдық, – деді Ералы Тоғжанов.

Айта кетейік, Қазақстанда қаңтар айының басында қауіпті індеттің «омикрон» штамы өршіп, тәулігіне 16 мыңнан астам азаматтың КВИ жұқтырғаны ПТР тесті арқылы расталған еді. Қазіргі кезде елімізде КВИ жұқтыру көрсеткіші төмендеп, елдегі ахуал біршама тұрақталды.

Авторы: Майнұр Ырсақ