Жаңалықтар

Қазақстандағы алғашқы онлайн-үйлену тойына байқау: Жеңімпаз жұп анықталды

2020 жылғы 25 қыркүйек 22:36
Қазақстандағы алғашқы онлайн-үйлену тойына байқау: Жеңімпаз жұп анықталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Instagram-ның тікелей эфирінде өтетін Қазақстандағы алғашқы той Жандарбек пен Лимараның үйлену тойы болмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Естеріңізде болса, бұған дейін Қазақстанның «Спарта» КТК командасының капитаны Данияр Жұмаділов «Жаса» акциясына қосылып, Instagram-ның тікелей эфирінде онлайн үйлену тойын өткізуге байқау жариялаған еді. Бүгін Данияр Instagram-ның тікелей эфирінде сол байқаудың қорытындысын шығарды. Даниярдың ұлы Әли 10 жұптың аты жазылған қағаздардың бірін кездейсоқ әдіспен таңдап алып, онда Жандарбек пен Лимараның есімдері жазылып тұрды.

Осыдан кейін Данияр Instagram-да Лимарамен тікелей эфир арқылы байланысып, құттықтады.

«Біз сіздердің видеоларыңызды қарадық, керемет. Енді дайындаламыз, күтіңіздер. Бәрі керемет өтуі үшін барымызды саламыз», - деді ол.

Айта кетейік, Қазақстандағы бірінші Instagram-үйлену тойының басты кейіпкері болу үшін отбасын құруға ниетті жұптар вайн, қалжың, лирика түрінде өздерінің махаббат тарихына қатысты қысқа видео түсіріп жіберуі тиіс еді.

Данияр Жұмаділов онлайн-тойды керемет өткізіп беруге уәде етті. Онда беташар, шоу-бағдарлама, шоу-балет және шақырылған жұлдыздар болмақ.