Жаңалықтар

Қазақстандық вакцинаны құю процесі Түркияда жүргізіледі

2021 жылғы 9 сәуір 17:14
Қазақстандық вакцинаны құю процесі Түркияда жүргізіледі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық вакцинаны құтыға құю процесі Түркияда жүргізіледі. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде Түркиямен уағдаластық бар. Өйткені, олардың өндірістік базасы мықты. Түркияның өзінің вакцинасы жоқ болғанымен үлкен өндірістік алаңы бар. Сондықтан бүгінгі күні бұл мәселеге қатысты аталған өңірмен алдын ала нақты уағдаластық жасалды. Тіпті, алдын ала келісімге қол қойдық. Мұның үстіне зауыт құрылысын сүйемелдеу келісімін де жасадық», - деді Ералы Тоғжанов Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында. Сонымен қатар ол қазақстандық вакцина шығаратын зауыттың Жамбыл облысы аумағында салынып жатқанын еске салды. Зауыт құрылысы барысында Түркияның танымал компаниялары халықаралық GMP стандартты талабына сай келетін құрал-жабдықтарды орнататындығын атап өтті. «Бүгінде Білім және ғылым, Денсаулық сақтау министрліктері, Жамбыл облысының әкімдігі және компаниялар арасында келісімге қол қойылды», - деді Үкімет басшысының орынбасары. Ералы Тоғжанов Түркияда қазақстандық вакцинаны құтыға құю процесі ғана жүргізілетіндігін баса айтты.