Жаңалықтар

Қазақстандықтар арасында вакцина туралы жиі талқыланатын жалған нанымдар қандай

2021 жылғы 29 сәуір 23:43
Қазақстандықтар арасында вакцина туралы жиі талқыланатын жалған нанымдар қандай

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «КАМЕДА» қоғамдық қорының директоры Махаббат Еспенова қазақстандықтар арасында вакцинация туралы жиі қойылатын сұрақтарды атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біріншіден, вакцина ескі коронавирус штамында сыналған және мутацияға ұшыраған вирусқа қауқарсыз дегенді жиі естиміз. Екіншісі «Қазір вакцина алатын болсақ, үш-төрт жылдан кейін, тіпті келешекте қандай әсері болатынын білмейміз ғой» дегенге саяды. Кейінгі кезде «вакцинаның орнына жай сұйық егіліп жатқан жоқ па» деп сұрайтындар көбейді. «Нағыз вакцинаны сатып, бізге түсініксіз зат салып жатыр екен» деп сұраушылар көп», - деді Махаббат Еспенова елорда әкімдігі ұйымдастырған дөңгелек үстел барысында. Қор директоры мұндай күмәнді пікірлердің бәрі мамандардың талқысына салынып, жоққа шығарылғанын айтады. Осы шарада елорда әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен қала тұрғындарының вакцинаға деген сенімі артып келе жатқанын айтқан болатын.