Жаңалықтар

Қазақстандықтар ұлттық музыкалық аспаптарды тегін үйрене алады

2022 жылғы 21 қаңтар 22:15
Қазақстандықтар ұлттық музыкалық аспаптарды тегін үйрене алады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін елордада бір топ мәдениет және өнер саласының қызметкері коронавирусқа қарсы қайта вакцина салғызды. Осы тұста өнер мамандары қалың жұрт вакцина алып, мәдениет мекемелері қызметінің қайта жанданғанын қалайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде кітапханалар оқырмансыз жұмыс істеп жатыр. Сол сияқты театр жұмысы да онлайн форматқа ауысты. Осы орайда танымал өнер қайраткерлерінің қатысуымен театр өнері тақырыбына арналған онлайн дәріс өткізуді жоспарлап отырмыз. Онлайн кездесу Zoom платформасы арқылы өтеді. Кейін оның видеосы YouTube желісіне жүктеліп, кез келген адам көре алады. Онлайн дәріс ақпан айында басталады. Сондай-ақ домбыра, жетіген және басқа да музыкалық аспаптарды үйренем деген жандар үшін Е.Рахмадиев атындағы академиялық филармониясының қызметкерлері Zoom арқылы тегін үйрету сабақтарын өткізбек», - деді Нұр-Сұлтан қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Санат Шапашов тілшілердің сұрағына жауап бере отырып. Одан бөлек, басқарма басшысы карантин талаптары жеңілдеген уақытта шығармашылықпен студияда айналысуға болатындығын алға тартты. «Коронавирусқа қарсы вакцина алу керектігі әлемде мойындалып отыр. Сонымен қоса ревакцинация қарқынды жүріп жатыр. Біз мәдениет нысандарының қалыпқа сай жұмыс жасағанын қалаймыз. Көрермендер театр мен концертке емін-еркін келсе дейміз. Біздің мамандар карантиннің аяқталуын асыға күтуде. Сондықтан біз өнер адамдары баршаны вакцина және қайта вакцина алуға шақырамыз», - дейді ол. Оның айтуынша, елордада 2 мыңға жуық мәдениет және өнер саласы қызметкерінің 1700-і індетке қарсы вакцина алды. Қалғанында екпе алуға медициналық қарсы көрсетілімдер бар. Айта кетсек, бүгін Нұр-Сұлтан қаласында мәдениет және өнер қызметкерлері ревакцинация жасатты.