Жаңалықтар

Қазақстандықтар үшін CoronaVac вакцинасы қолжетімді

2021 жылғы 16 маусым 14:17
Қазақстандықтар үшін CoronaVac вакцинасы қолжетімді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанға Қытайда өндірілген CoronaVac вакцинасы жеткізілді. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанға CoronaVac вакцинасының 500 мың дозасы жеткізілді. Бүгінде ол барлық өңірде қолжетімді. Осы аптада барлық өңірде CoronaVac вакцинасын егу басталды. Қазірдің өзінде бүкіл елімізде CoronaVac-пен шамамен 15 мың адам екпе алды», - деді комитет төрайымы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихаты барысында. Сонымен қатар ол CoronaVac вакцинасының басқа вакциналардан қандай айырмашылығы бар екендігін айтты. «Ол QazVac, Hayat Vac сынды инактивтелген вакцина саналады. Инактивтелген вирус қолданылады. Егер вакцинаны сақтау температурасы туралы айтар болсақ, ол + 2-8 градус. Вакцина екі дозалы. Дозаларды егу аралығы 14-тен 28 күнге дейін. Яғни, CoronaVac вакцинасын салдырсаңыздар, онда екінші дозаны 2-ден 4 аптаға дейін аралықта аласыздар», - деді Айжан Есмағамбетова.