Жаңалықтар

Қазақстанға шетелден келген 139 адамнан COVID-19 анықталды

2020 жылғы 21 қазан 17:08
Қазақстанға шетелден келген 139 адамнан COVID-19 анықталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Шетелден әуе және автомобиль көлігімен келген жолаушылар арасында 139 адамнан COVID-19 анықталды. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әлемде індеттің өршуі жалғасуда. Еуропа мен Азияның кейбір елдерінде ауру ушыға түсті. Мысалы, өткен аптада сырқаттанудың өсуі Германияда байқалып. тәуліктің ішінде 7 мыңнан астам адамда КВИ анықталды. Украинада 5 400, Ресейде 16 319, Испанияда 13 873, Францияда 20 мыңнан астам, Чехияда 11 900, Италияда 10 мыңнан астам жағдай тіркелді», - деді Ажар Ғиният Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында. Оның айтуынша, осы эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, 6 қазанда, түнгі сағат 00-00-ден бастап мемлекеттік шекарада санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік күшейтілді. «Автомобиль өткізу пунктері арқылы Қазақстан Республикасының азаматтары мен шетелдіктер, барлығы 73 591 адам келді. Оның ішінде 21 297 - жолаушы. 5 967 адам карантиндік станционарға жатқызылды. Олардың ішінде 122 адамнан оң нәтиже анықталды. Сырттан келетін инфекцияны шектеу үшін осындай шаралар қолданылуда. Сонымен қатар халықаралық әуе рейстерімен 34466 жолаушы келді. Оның ішінде 5925 адам тестілеуден өтті. 17 адамнан оң нәтиже анықталды», - деді вице-министр.