Жаңалықтар

Қазақстанға ұшып келген жолаушылардың ПТР-тест қорытындысы жарияланды

2020 жылғы 9 қазан 19:55
Қазақстанға ұшып келген жолаушылардың ПТР-тест қорытындысы жарияланды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Көліктегі бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Сәдуақас Байғабылов 6 және 7 қазан күні елге халықаралық рейспен ұшып келген жолаушылардың коронавирус бойынша ПТР-тест қорытындысын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көліктегі бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің айтуынша, 6 және 7 қазан күндері Қазақстанның 893 азаматы COVID-19 бойынша ПТР-анықтамасыз ұшып келген. Олар тексеруден өту үшін екі күндік карантинге жатқызылған.

«Ұшып келген жолаушылары COVID-19 індеті бойынша ПТР әдісімен тесттен өту үшін Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Ақтөбе, Атырау мен Орал қалаларында екі күндік карантинге жатқызылды. Анықтамасыз келген әуе жолаушыларының бәрінің ПТР-анализдері коронавирус жұқтырмағанын көрсетті», - деді Сәдуақас Байғабылов.

Айта кетсек, Қазақстанға 6 және 7 қазан күндері ПТР-тесттен анықтамасы бар 2925 әуе жолаушы (яғни 70 пайызы) ұшып келген болатын.

Еске сала кетсек, бүгін түнде Нұр-Сұлтан қаласының әуежайына шетелден алты ұшақ келіп қонған еді. Әуе рейстерін Turkish Airlines, Air Astana, Вelavia мен Flydubai әуе компаниялары орындаған. Астанаға ұшып келген жолаушылардың 101-де ПТР-анықтамасы болмаған.

Жаңа ережелерге сәйкес мынадай шектеу шаралары күшіне енеді:

Қазақстанға шетелден әуе рейсі арқылы келген азаматтардың бәрі де термометриядан, анкеталаудан өтіп, ПТР әдісі арқылы COVID-19 бойынша тесттен өткені туралы анықтама (72 сағатқа жарамды) көрсетуі тиіс;

Қазақстан азаматы саналмайтындар адамдар қолында анықтама болмаған жағдайда елге кіргізілмейді.

Дене температурасы шекті нормада болған және анықтама көрсеткен азаматқа COVID-19 белгілері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, тиісті қолхат берілгеннен кейін олар баратын жеріне жіберіледі.

Дене қызуы бар адамдар қолында анықтама бар-жоғына қарамастан екі аптаға карантиндік стационарда оқшауланады. Ол жерде аталмыш азамат COVID-19 бойынша тексеруден өтеді.

COVID-19 бойынша тесттен өткеннен кейін коронавирус жұқтырғаны белгілі болған азаматтар инфекциялық стационарға ауыстырылады. Ал жұқтырмағаны анықталған азаматтарға түсіндіру жүргізіліп, тиісті қолхат беріледі.

Ұшып келген ҚР азаматтары анықтама болмаған жағдайда екі тәулікке карантиндік стационарға жатқызылады. Ол жерде аталмыш азамат COVID-19 бойынша тексеруден өтеді.

COVID-19 бойынша тесттен өткеннен кейін коронавирус жұқтырғаны анықталмаған азаматтарға түсіндіру жүргізіліп, тиісті қолхат беріледі. COVID-19 жұқтырып келгені белгілі болған азаматтар инфекциялық стационардың карантиндік оқшаулағышына жатқызылады.