Жаңалықтар

Қазақстанның 4 облысында 15 санитарлық бекет қойылған

2021 жылғы 19 қаңтар 10:54
Қазақстанның 4 облысында 15 санитарлық бекет қойылған

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев карантин талаптарының сақталуын қадағалау жұмысына полиция мен Ұлттық ұланның 10 мыңнан астам қызметкері жұмылдырылғанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерлердің қаулысына сәйкес, еліміз бойынша 15 санитарлық (Алматы, Қостанай, Ақтөбе, Атырау облыстарында) бекеттер қойылған. Карантин талаптарының сақталуын қадағалау жұмысына полиция мен Ұлттық ұланның 10 мыңнан астам қызметкері жұмылдырылған. 290 карантин нысаны бақылауда», - деді Ерлан Тұрғымбаев Үкімет отырысында. Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта әуе және теміржол вокзалдарында жолаушылар ағыны 31 мың және 17 мың адамды құрап отыр. «Жолаушылардың ең үлкен ағыны Алматы мен Нұр-Сұлтан арасында тіркелуде. Тәулік сайын екі қала ортасында ары-бері 10 мыңға тарта адам жүреді», - деді Ерлан Тұрғымбаев. Айта кетейік, бүгінгі Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой вакцина 1 ақпаннан бастап егілетінін және ең алдымен кімдерге салынатынын айтқан болатын.