Жаңалықтар

Қазақстанның гуманитарлық көмегі Бішкекке жетті

2020 жылғы 26 қараша 10:02
Қазақстанның гуманитарлық көмегі Бішкекке жетті

БІШКЕК. ҚазАқпарат - Қазақстаннан гуманитарлық көмек ретінде жіберілген медициналық бұйымдар мен жабдықтар бүгін Бішкекке жеткізілді. Жүкті Қырғызстан Денсаулық сақтау министрлігінің мамандары қабылдап алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәлімдеуінше, гуманитарлық көмек құрамында 400 «Тыныс» АҚ жасаған «Көкшетау-4П» өкпені жасанды желдету мобильді аппараты және Алматыдағы «Dolce pharm» ЖШС және Жамбыл облысында орналасқан «Mega pharm» ЖШС шығарған 2 млн медициналық бетперде бар. Гуманитарлық көмек Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай көрсетілді. Жіберілген гуманитарлық жүктің жалпы құны 400 млн теңгеге жуық. ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес науқанды Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ұйымдастырды. Еске сала кетсек, кеше гуманитарлық жүк тиелген көліктер аттандырылғанын хабарлағанбыз.